Әлемде ашаршылық болуы мүмкін

Әлемді ашаршылық пен тұрақсыздық жайлауы мүмкін. Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы осылай деп дабыл қақты. Себебі энергоресурстар мен тамақ қымбаттап барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл әлемде шикізаттың қымбаттауынан ахуал нашарлауы мүмкін. Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы тауар жеткізу тізбегінің бүлінуінен тұрақсыздық күшейіп, көп елді ашаршылық жайлайтынын айтады. Ресейдің Украина порттарын қоршауынан 25 миллион тонна астық экспортталмай қалған. Бұл әлемде 400 миллион адамның аштыққа ұшырауына әкеледі дейді ұйым басшысы.

Дэвид Бизли, БҰҰ дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының бас директоры:

- Азық-түлік дағдарысының алдын алу үшін әлем елдері Ресей, Украинамен бірігуі қажет. Егер біз бұл порттарды ашпасақ, алдағы 10-12 айда азық-түлік бағасы қымбаттап, келесі жылы жер бетінде ашаршылық басталуы ықтимал.

МИЛЛИОННАН АСА БАЛАҒА ҚАУІП ТӨНДІ

Ауғанстан халқы Украинадағы ахуалдың салдарын сезініп жатыр. Бағалардың шарықтауынан елде биыл 5 жасқа дейінгі 1 миллионнан аса бала аштыққа ұшырауы мүмкін. Кішкентайлардың тойып тамақ ішпей ағзасы әлсірегеннен ауру да көбейген. Былтыр 38 миллион тұрғыны бар ауған халқының жартысы кедейшілікте өмір сүрсе, биыл оның деңгейі 97 процентке жетуі ықтимал дейді сарапшылар. 

Мұхаммед Седик, дәрігер:

- Кейінгі уақытта елде түрлі ауру көбейді. Оған себеп жетерлік. Соның бірі - азық-түлік жетіспеушілігі мен жұмыссыздық. Осындай жағдайдан адамдардың тамақ табуы қиындады.

ГАЗАДА ҰН ЗАУЫТТАРЫ ТОҚТАДЫ

Украинадағы ахуал Таяу Шығыстағы жағдайға да кері әсерін тигізді. Аймаққа Украинаның арзан бидайын жеткізу тоқтап, Газа секторындағы 5 зауыт қиындыққа ұшырады. Салдарынан кәсіпкерлер жұмысшыларды қысқартып, өндіріс қуатын төмендеткен.

ФЕРМЕРЛЕР МАЛЫН СОЙЫП ЖАТЫР

Ал жанармай мен тыңайтқыш бағасының өсуі грек фермелеріне ауыр тиді. Жем-шөп қымбаттап, шаруалар малын союға мәжбүр. Мысалы, Наксос аралында шаруалар кей өнімдерді шығаруды тоқтатқан. 

Димитрис Капунис, Наксос аралы ауыл шаруашылық одағының президенті:

- Егер жағдай осылай жалғаса берсе аралда мал шаруашылығы құрып кетуі мүмкін. Себебі шаруалар қолындағы бар малын сойып жатыр. Үкімет фермерлерге жан-жақты көмекті күшейтуі қажет.

Ресми дерекке қарағанда 36 ел шетелден импорттайтын астықтың жартысынан көбін Ресей мен Украинадан алады екен. Олардың арасында Ливан, Сирия, Йемен, Сомали сияқты елдер бар. Сарапшылар мәселе тез шешілмесе, бұл кедей елдердегі экономикалық дағдарыс шиеленісе түседі дейді.

Дәурен Ақашұлы