Еуропа мемлекеттерінің басшылары Зеленскиймен кездесті

Германия канцлері Олаф Шольц, Франция президенті Эммануэль Макрон және Италия премьер-министрі Марио Драги Киевке барып президент Владимир Зеленскиймен кездесті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Басқосуға Румыния президенті де қосылды. Бұл - осы ел басшыларының қарулы қақтығыс басталғалы Украинаға алғашқы сапары. Кездесу барысында тараптар Украинаның Еуроодаққа мүше болу мәселесін талқылады. Бүгін Еурокомиссия Киевтің өтінішіне қатысты қорытындысын жариялауы керек. Киевке қару-жарақ жеткізу, экономикалық көмек және соғыстан кейін елді қалпына келтіру жағдайы да сөз етілді.

Эммануэль Макрон, Франция президенті:

- Осында жиналған 4 елдің өкілі Украинаға Еуроодаққа мүше болуға кандидат ел мәртебесін жылдам беруді қолдайды. Біз бұл шешімді Еуропалық Кеңес бірауыздан қолдайды деп үміттенеміз. Украина еуропалық отбасының бір бөлігі екенін растағымыз келеді.

РЕСЕЙ ДСҰ-МЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ ЖАЛҒАСТЫРА БЕРУГЕ НИЕТТІ

Ал Мәскеу Дүниежүзілік сауда ұйымынан шықпай, ұйымға мүше еллдердің барлығымен қарым-қатынасты жалғастыра беруге ниетті екенін білдірді. Бұл туралы Санкт-Петербургтегі экономикалық форум аясында айтылды. Ресей Экономика министрі Максим Решетников Дүниежүзілік сауда ұйымы кей кемшіліктерге қарамастан, әлемде тең дәрежеде сауда жүргізуге мүмкіндік беретін жалыз құрылым екенін айтады.

Максим Решетников, Ресей Федерациясының Экономикалық даму министрі:

- Біз барлық елмен ынтымақтастықты жалғастыруға дайынбыз. Бірақ Ресейге қарсы салынған санкциялар Дүниежүзілік сауда ұйымының ережелеріне қайшы келеді. Сондықтан ұлттық мүддемізді қорғау үшін тиісті шаралар қабылдаймыз. Бірақ біз әрдайым әріптестікке дайынбыз.