В.Зеленский Ресейді айыптады

Владимир Зеленский Кремльге қарсы жаңа санкциялар енгізуге шақырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Украина президенті Ресейдің, әсіресе, атом энергетикасын тұралату қажет деп есептейді. Ол бұл мәлімдемені Запорож атом электр станциясының бомбалануына қатысты жасады. Киев шабуылға қатысты Ресейді айыптады. Ал Мәскеу АЭС-ті Украинаның өз әскері атқылады дейді. Сондай-ақ Зеленский Еуроодақ елдерін ресейліктерге виза бермеуге үндеді.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

Біз Кремльге қарсы жаңа санкциялар қабылдату бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Осылайша Ресей азаматтары болып жатқан сұмдық оқиғалардың ауыр салдарын сезінсе екен дейміз. Еуропаға бару үшін берілетін визаны шектеу мәселесі күнде талқыланып жатыр. Осы бастаманы қолдайтын мемлекеттер мен саясаткерлердің қатары көбейіп келе жатқанын байқаймыз.