Әлемде табиғи апат толастамай тұр

Дүниені алаңдатып тұрғаны - қымбатшылықпен қатар апат көп. Тасқын да, көшкін де табиғатқа жау.

Индонезияда толассыз жауын мектепті құлатып, 3 оқушы опат болды. Ал Үндістанда тауға кеткен туристер қар көшкінінің астында қалып қойған. 

Үндістанның солтүстігіндегі тауларда қар көшкіні жүріп, 19 адам көз жұмды. Оқиға елдің солтүстігіндегі Уттаракханд штатында болған. 41 адамнан тұратын туристік топ теңіз деңгейінен 5600 метр биіктіктен төмен түсіп келе жатқанда қар көшкінінің астында қалып қойды. Құтқарушылардың айтуынша, 10 азаматтың тағдыры белгісіз. Оларды іздестіру жұмыстары жүріп жатыр. Алайда ауа райының қолайсыздығы қиындық тудырып тұрған көрінеді.

Индонезтяда су тасқыны үш баланың өмірін қиды

Индонезия астанасы Джакартада толассыз жауған жаңбырдан тасқын жүріп, 3 оқушы қаза тапты. Оқиға шаһардағы мектептің бірінде болған. Оқу орнының қабырғасы сел боп аққан суға шыдас бермей құлап, үш бала соның астында қалып қойған. Табиғат апатынан өзге жапа шеккендер туралы ақпар жоқ. Индонезияда қараша айынан наурызға дейін жаңбырлы маусым болады. Осы кезде су тасқыны жиілеп, халық көп зардап шегеді.

Венесуэлада қаланы су басты

Венесуэланың Маракай қаласын да су басты. Көшелер көлге айналып, тұрғын үйлерді су басты. Ондаған нысанға зақым келді. Азаматтар діттеген жеріне жету үшін қайықпен қатынауға мәжбүр. Қазір апат аймақтарында іздестіру-құтқару жұмыстары жүріп жатыр. Құрбандар туралы ақпарат жоқ.

Кубадағы "Иэн" дауылының салдары 

Куба халқы осыдан он күн бұрын соққан Иэн дауылынан кейін әлі де ес жия алар емес. Естеріңізде болса, аталған тайфуннан 63 мыңға жуық үйге зақым келген еді. Мыңнан астамы мүлдем жарамсыз болып қалды. Бүкіл ел бойынша жарық өшіп, тұрғындар 10 сағат бойы қараңғыда қалған болатын. Кейбір елді мекенде жарық әлі жоқ. Үйлер болса жөнделмеген. Ас әзірлеу үшін жұрт ағаш пен көмір жағуға мәжбүр. Көмек ретінде қазір ел билігі азаматтарға ат арбамен азық-түлік таратып жатыр.

Сондай-ақ...