Әлем бойынша Қытай билігінің әрекетіне қарсы шерулер өтіп жатыр

Әлем бойынша Қытай билігінің әрекетіне қарсы шерулер өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Лондондағы Қытай елшілігінің жанына 50-ге жуық адам жиналды. Олар Коммунистік партияны таратып, Президент Си Цзиньпинді биліктен кетіруді талап еткен. Кейбір белсенділер қолына ақ парақ ұстап келді. Ақ парақ - Қытай оппозициясының символы. Ол Коммунистік партияның цензурасына қарсылықты білдіреді.

Естеріңізге сала кетейік, 25 қарашада Үрімшіде, тұрғын үйден өрт шығып, 10 адам ажал құшқан еді. Қаза тапқандар сыртқа шықпақ болғанда ковид карантиніне байланысты есік жабық болған.

Саймон, ұйымдастырушы:

- Қазір Қытайда билікке қарсы 1989 жылдан бері ең ірі толқу болып жатыр. Коммунистік партияға қарсы күресті күшейтіп, сәтті жүргізу қажет. Өйткені Коммунистік партия капиталистік диктаторлық билік орнатты. Си Цзиньпин мен оның әулетінен бастап шіріген байға айналған.

Қытай билігіне қарсы шеру Вашингтонда Ақ үйдің маңында да өтті. 200-ге жуық ереуілші азиялық елдегі коронавирус шектеулерін алып тастауды және саяси өзгеріс жасауды талап етті. Жиналғандар шырақ жағып, «Қытай халқына еркіндік берілсін» деп ұрандатты.