Мемлекеттік дума Украинаның Запорожье және Херсон облыстары, сондай-ақ өзін-өзі жариялаған Донецк және Луганск халық республикаларының Ресей құрамына қосылуы туралы келісімді қолдап дауыс берді, деп хабарлайды «Хабар 24». Кеше оны шұғыл түрде Конституциялық сот мақұлдаған. Енді құжат Федерация кеңесінің қарауына жіберіледі. Заңға сәйкес енді бұл 4 өңірде орыс тілі мемлекеттік тіл саналады. Десе де билік тұрғындарға туған тілін сақтап қалуға кепілдік береді. Айта кеткен жөн, 23-27 қыркүйек аралығында Украинаның аталған төрт аймағында референдум өткен еді. Жергілікті биліктің берген мәліметіне сәйкес халықтың көбі Ресей құрамына кіруді қолдап дауыс берген. Сөйтіп 30 қыркүйекте Владимир Путин тиісті келісімге қол қойды. Алайда әлемдік қауымдастық референдум нәтижесін мойындамай, Кремль басшысының шешімін сынға алды.