Залда 20% көрермен болатыны қынжылтады – театр әртістері

Карантин елдегі біраз саланың жұмысын тұралатып тастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәдени шаралар кейінге шегеріліп, сала қызметкерлері жұмыссыз қалды. Дегенмен қазір өнер ордаларына 30 проценттік сыйымдылықпен жұмыс істеуге рұқсат берілді. 

Жанға жайлы ән, театрдағы қойылым мұның барлығынан бір жылға жуық уақыт қол үзіп қалдық. Карантин көп жағдайды өзгертті. Концерттік залға лық толы көрермен жинап әртістер көрсетілім қойған жоқ. Талап сол, таңдау болмады. Шығармашылық тоқтағанда жалақы мәселесі қалай болғанын Астана опера театрының басшысынан сұрадық.

Ғалым Ахмедияров, Астана опера театрының басшысы:

– Карантин кезінде жоспар құру әрине оңай емес. Дегенмен қатардан қалмай, қойылымдарды ұйымдастыруға тырысып жатырмыз. Гастрольдерге әзір шықпағанмен ел ішінде жұмыс істеуге тырысып жүрміз. Әртістердің, жұмысшылардың жалақылары сақталды. Дайындық 30 адамға толмайтын құраммен өтеді. Себебі карантин шараларын сақтау маңызды.

Гастрольдер тоқтағанмен, алдағы жаңа маусымға дайындық қарқынды. Біржан-Сара қойылымына шығармашылық топ білек сыбана кіріскен. Тек залда 20 процент сыйымдылықпен көрермен болатыны қынжылтады дейді әртістер. Шығармашылық адамы үшін көрермен қолдауы өте маңызды.

Бірақ балетке билеттердің баяу сатылуы тіпті көрермен қызығушылығы аз болуы бұрыннан өзекті мәселе. Карантин жағдайды тек ушықтырғанын айтады.

Кейбір мәдени орындардың жұмысы жанданғанмен, цирк толық тоқтап тұр. Жылға жуық уақыт ешқандай қойылым болмаған. Әртістер тек жаттығуға келеді. Оның өзінде әр уақытта ғана. Адам көп шоғырланбау керек. Халықаралық фестиваль да кейінге шегерілген.

Ерік Жолжақсынов, астаналық цирктің бас директоры:

– Әрине, бүгінгі індет бәрімізге әлемдік тұрғыдан үлкен кедергі болып тұр. Бірақ біз өз көрермендерімізді сағындық. Жиырмасыншы жылы өткізетін фестиваліміз бар еді. Халықаралық «Азия жаңғырығы» атты. Өткізе алмай қалдық. 2021 жылға сеніміміз мол.

Иә, қалыпты тіршілікке барлығы асық. 20 процент сыйымдылықпен өтетін қойылымдар ақшасын ақтамайтыны тағы бар. Дегенмен жалақы мәдени сала мамандарында сақталған. Тек көрермен қиқуынан шабыт алатын өнер адамдарын сахнадағы үзіліс тоқырауға ұшыратпаса болғаны.

Гүлзия Нақыпқызы, Ержан Рахманбердиев, Асхат Қарақойшиев