26 жастағы Корея азаматы Қазақстан Президентінен алғыс хат алды

Қасым-Жомарт Тоқаев Чой Ён Сонды қазақ тілін дамытуға қосқан үлесі үшін марапаттады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекет басшысы үкіметке Чойға қазақ-корей сөздігін құрастыруға көмектесуді тапсырғанын айтты.

Қазақстан Президенті Чой Ён Сонға жолдаған алғыс хатын Кореядағы елшіміз Бақыт Дүйсенбаев табыстады. Ол Ён Сон 2 жыл бұрын бітірген Хангук университетіне келді. Дипломат Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауын оқып берді.

«Құрметті Ен Сон! Сенің «Түркістан» газетінде жарияланған сұхбатынды ықыласпен оқып шықтым. Қазақ тілін жетік меңгеріп, өзгелерге, әсіресе, жастарға жақсы үлгі көрсеткенің үшін ризашылығымды білдіремін. Қазақ-кәріс сөздігін әзірлеу туралы игі бастамаңмен танысып, еліміздің Сыртқы істер министрі мен Білім және ғылым министріне тапсырмамды бердім.   

Чой Ён Сон, Хангук шет тілдер университетінің түлегі:

– Бүгін мен үшін аса маңызды және ең қуанышты күн! Қайталанбас сәт! Мені елеп-ескеріп, хат жолдағаныңызға ризашылығым шексіз және шын жүректен алғысымды білдіремін! Болашақта екі ел – Корея мен Қазақстанның түрлі ынтымақтастығына көпір бола алатын тұлға болу үшін барымды саламын. Мүмкіндігім болса, Қазақстанда магистратураға оқуға түсіп, тағы бір маман иесі болғым келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев хатында Ен Сонға университетте төрт жыл бойы қазақ тілін оқытқан профессор Әлия Құрышжанға да сәлем жолдады.

Әлия Құрышжан, Хангук шет тілдер университетінің профессоры:

– Негізі қазақ тілін оқыған студенттер жетерлік, аз емес. Бірақ олардың арасында Нұрайдың орны ерекше, себебі ол бала тіл ғана емес адамдар, мәдениет, Қазақстанды жақсы көреді.  

Хангук университеті – Кореядағы қазақ тілі оқытылатын жалғыз университет. Оның жүзден астам түлегі қазірдің өзінде қазақ тілінде сөйлейді. Ұлы Даланың тілін білетін мамандар көп болар еді, бірақ оқу материалдары жеткіліксіз. Профессор Сон Ёнг Хун бұл мәселені шешуге ниетті. Қазақ тілінде диссертация қорғаған алғашқы корей азаматы үш жылдан бері қазақ-корей онлайн сөздігін құрастырып келеді.

Сон Ен Хун, Хангук шет тілдер университетінің профессоры:

– Ақша жағынан және сөздік жасау маман жағынан жетпей отырғандықтан қиыншылыққа ұшырап, бітіре алмай жатырмын. Соған байланысты Қазақстан тарапынан кішкене болса да көмек берсе, осы жылдың ішінде тез арада бітіре алатын шығармын.

Ён Сонның қазақша аты – Нұрай. Ол Қазақстанда бірнеше рет болған.ЕХРО-2017 көрмесінде ерікті болып жұмыс істеп, бір жыл бойы Алматы университетінде қазақ тілін үйренді. Нұрай елімізде жұмыс істеуді армандайды.

Чой Ён Сон, Хангук шет тілдер университетінің түлегі:

– Қазір мен Кореяда жұмыс істеп жүрмін. Бірақ мүмкін болса мен Қазақстанға барып жұмыс істегім келеді.

Әрине жақсы адам болса қазаққа тұрмысқа шықса болады деп ойлаймын.

Владислав Цой, Ольга Лян