Астанада алдағы аптада қандай мәдени іс-шаралар өтеді

Биыл Наурыз мерекесі елордада игі істермен атап өтіледі. Қалада мұқтаж жандарға көмек көрсетуге бағытталған көптеген қайырымдылық акциясы өтеді.

Дегенмен елорданың мәдениет мекемелері қала тұрғындары үшін көптеген қызықты іс-шаралар дайындап отыр. Олардың басым бөлігін онлайн көруге болады, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.

Елордалық театрлар келесі аптада көрермендердің көзайымына айналған көптеген қызықты қойылымдарды дайындады.

«Музыкалық жас көрермен театры» 21, 22 және 23 наурыз күндері «Абай – Тоғжан» драмасын көруге шақырады. Қойылым сағат 19:00-де басталады.

М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрында 24 наурыз күні сағат 16:00-де С.Матвеевтің «Наедине с Пушкиным» моноқойылымы көрсетіледі. 26 наурызда сағат 11:00-де жас көрермендер үшін «Снегурушка» ертегісі қойылады. 25 және 26 наурыз күндері кешке театр актерлерінің орындауында «Человек-подушка» қара детективін, ал 28 наурызда «Дикарь.Третье слово» мелодрамасын көруге болады.

23 және 24 наурыз күндері «Жастар театры» сахнасында «Іздеп тапым сені...» мелодрамасын қояды. 25 наурыз күні сағат 12:00-де және 14:00-де әртістер «Достық пен қулық» ертегісін, 26 наурыз күні кешке «Диляфруздың төрт күйеуі» комедиясын көрсетеді.

Елордалық «Қуыршақ театры» 22, 23 және 24 наурызда «Наурыз туралы аңыз» ертегісін дайындайды. Ал 26-28 наурыз аралығында «Ғажайып түс» ертегісін тамашалауға болады.

Nomad City Hall сахнасында 22 наурыз күні сағат 12:00-де «Алтыбақан аясында» мерекелік бағдарламасы қойылады.

«Наз» би театры да мерекелік іс-шаралар ұйымдастырудан шет қалған жоқ. 21 және 22 наурызда шығармашылық ұжым Сарыарқа ауданы әкімдігімен бірлесіп «Наурыз береке бастауы» атты концерт ұйымдастырады. 22 наурызда әртістер би қимылдары бойынша шеберлік сағаты, сондай-ақ «Мерекесі елімнің, қуанышы халықтың» атты қайырымдылық концертін өткізеді. Ал 25 наурыз күні Қаршыға Ахмедьяровтың 75 жылдығын мерекелеу аясында «Күй Қаршығасы» атты іс-шара өтеді.

22 наурызда елорда тұрғындары мен қонақтарын оффлайн да, онлайн да өткізілетін кез келген талғамға сай көптеген қызықты іс-шаралар күтеді.

Бұл күні сағат 13:00-де «Астаналық цирктің» Instagram-дағы ресми парақшасында (https://www.instagram.com/astanalyqtsirk/) «Наурыз келді» цирк бағдарламасын, ал «Мәңгілік Ел» салтанат қақпасының (triumphal_arch_nur_sultan) аккаунтында «Қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрлері – Беташар» тақырыбында бейнероликті, сондай-ақ онлайн-экскурсияны көруге болады.

«Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешені» 22 наурызда «Төрлет, төрлет, Әз Наурыз» атты көрмені (Facebook: Музей АЛЖИР; Instagram: museumalzhir; Youtube: Museum ALZHIR Astana әлеуметтік желілері арқылы) көруге болады.

Ал Сәкен Сейфуллин мұражайы 24 наурызда онлайн бейнеэкскурсия өткізеді.

«Мемлекеттік академиялық филармониясы» Ғ.Жұбанова атындағы ішекті квартеттің «Под знаком Белы Бартока» концертін ұйымдастырады.

Тәуелсіздік сарайында 23-28 наурыз аралығында «Нұр-Сұлтан қаласына сыйлықтар» көрмесін тамашалауға болады. Сондай-ақ «Бәйтерек» монументінде елорда тұрғындары мен қонақтары үшін күнделікті экскурсиялар өткізіледі.

Сонымен қатар қаланың «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» бір ай бойы Наурыз мерекесіне және ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған түрлі кітап көрмелерін, байқаулар мен танымдық дәрістер ұйымдастырады.

Айта кетейік, іс-шаралардың бәрі санитарлық нормалар мен талаптарды қатаң сақтай отырып өткізіледі.