Шетелдіктер Қазақстан халқын Наурыз мерекесімен құттықтады

Қазақстан жұртын Ұлыстың ұлы күнімен әлемнің әр түкпірінен құттықтап жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Саясаткерлер мен зиялы қауым өкілдері де жылы лебіздерін білдірді. Күн мен түн теңеліп, жер бетіне көк шығып, тіршілік жаңаратын сәтті барлық Түркі халқы ортақ мейрам ретінде атап өтеді.

Наурыз – көпұлтты мейрам. Мәселен, Иран, Ауған, Кавказ, Үндістан елдерінде де тойлайды. Биыл пандемияға байланысты Ұлыстың ұлы күнін жаппай атап өту жоқ. Дегенмен қысылтаяң шақта Еуропа мен түркітілдес елдер қазақ халқына ақжарма тілегін жолдап жатыр.

Ғоламәли Ходдад Адел, мемлекет және қоғам қайраткері:

– Наурыз мейрамында барша қазақстандыққа зор денсаулық, бақыт, қуаныш және амандық тілеймін. Дастархандарыңыз жыл бойы тағамға толы және әрқашан да молшылықта болады деп сенемін. Осы айдың сәтті өтуіне тілектеспін. Жаңа жыл құтты болсын!

Тамырын тереңнен тартқан мейрам – береке мен бірліктің тұғырын нығайтып, риясыз шаттыққа кенелтер ұлы мереке. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Ұлыстың ұлы күніне орай 15-тен аса мемлекеттен құттықтау келді. Швейцария елінің профессоры қазақ еліне деген ыстық лебізін қазақ тілінде жеткізді. 

Петер Финки Цюрих, университетінің әлеуметтік-мәдени антропология орталығының директоры:

– Мен Қазақстан халқын Наурыз мерекесімен құттықтаймын. 30 жыл бұл тарих үшін шағын кезең, бірақ сіздің еліңіз үшін үлкен жетістіктер кезеңі. Наурыз мейрамында барлық армандарыңыз, үміттеріңіз орындалсын. Үлкен жетістіктер тілеймін.

Әз-наурыз мерекесіне орай құттықтаулар шетелдік дипломаттардан да келіп жатыр. 

Хазем Әл-Сайд Абдо, ИЫҰ мүше елдері ақпараттық агенттіктері одағының бөлім директоры:

– Осы қуанышты сәтті пайдалана отырып, Қазақстан халқына және оның аса Құрметті басшылығына Наурыз мейрамына орай шын жүректен құттықтауымды жолдап отырғаныма қуаныштымын. Орайлы мүмкіндікті пайдалана отырып, қазақ елінің одан әрі өркендеп гүлдене беруін, сондай-ақ баршамыздың осы жылы коронавирус індетінің тарлауы салдарынан туындаған пандемияның түпкілікті тоқтатылуының куәсі болуымызды тілеймін.

Қазақстанға құттықтау жолдағандар арасында Австралия оқушылары да бар. Жасыл құрлық балалары қазақтың көк туын желбіретіп, жылы лебіздерін жеткізді.

Наргиз Бекмағанбетова