Қостанайда халықаралық бишілер фестивалі басталды

«Наурыз достарын шақырады!». Осындай атаумен Қостанайда халықаралық бишілер фестивалі басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

ТМД елдерінен отыз бес ұжым қатысуға тілек білдірген ауқымды шара онлайнда өтіп жатыр. Қатысушылар өз өнерін электрондық пошта арқылы жолдайды. Жиналған материалдардан бірнеше концерттік бағдарлама жасалады.

Төрт күнде ұйымдастырушылардың назарынан ұзын саны жиырма сағаттай монтаждалмаған бейнематериал өтті. Кәсіби бишілердің өнері Қостанайға ТМД-ның әр тұсынан ағылып жатыр.     

Шәміл Фахрутдинов, халықаралық бишілер фестивалінің ұйымдастырушысы:

– Барлығы бірауыздан қолдады. Әсіресе түрлі шаһарлардан тілек білдірген ұжымдар көп. Екі, үш, төрт нөмірден жібергендер бар.

Отыз бес бишілер ұжымынан келіп түскен нөмірлер он бес концерттік бағдарламаға біріктірілмек. Соңында әр елдің өнерпаздары «Қара жорға» билеп беруге міндетті.  

Шәміл Фахрутдинов, халықаралық бишілер фестивалінің ұйымдастырушысы:

– Олар өз ұлттық киімдерінде қазақтың «Қара жорғасын» орындайды. Жалпы бишілер түрлі сайыстарда топ жарып, жүлде алғандар. Мақсатымыз – Наурызды тойлайтын өзге ұлттардың басын қосып, мәдениетін бір арнаға тоғыстыру.

Бишілер концерті ауқымды аудиторияға арналған. Олардың өнерін интернетте фестивальдің ресми арнасынан тамашалауға болады. Көрермендер үздігін дауыс беру арқылы таңдайды.

Азамат Майлыбаев, дыбыс режиссері:

– Монтаждалған материалдарды «Наурыз достарын шақырады» атты ресми арнаға жүктейміз. Қызығушылық танытып, басқа сайттарда бөлісіп жатқан тұрақты көрермендеріміз де бар. Әзірге дауыс беру нәтижесі қалай аяқталатыны беймәлім. Бірақ әр ұжым мақтау қағазы мен кәдесыйсыз қалмайды. Құттықтаулар пошта арқылы жөнелтіледі.

Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров