Абай өлеңдері Шығыс Қазақстан мен Еуропада қатар жырланды

Өскеменде «Абай әлемі» атты халықаралық студенттер фестивалі өтті.

Карантиндік талаптарға орай шараның басым бөлігі онлайн режімде ұйымдастырылды. Жергілікті жастармен қатар Ұлы ойшылдың өлеңдері мен қара сөздерін Польша, Венгрия университетінің студенттері қатар оқыды. Ақын шығармаларын ұлықтаған мұндай басқосуды өткізуге Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің «Абай орталығы» мұрындық болған. Дәл осындай орталық Польшаның Свече қаласында да жұмыс істеп тұр. Ол жерде Абай Құнанбаевтың ескерткіші де бар. Бұл екі ел арасындағы рухани мәдени достастықтың жемісі дейді кездесуге келгендер.

Селим Хазбиэвич, Польшаның Қазақстандағы елшісі:

– Абай тек қазақ поэзиясының дара тұлғасы емес. Мен өзім де ақын шығармаларымен жақын таныспын. Польшада Абайға арналған ескерткіш қойылып, орталық ашылғанына ерекше қуандым. Сондықтан Еуропа елдерінде ұлы ғұламаның есімі одан әрі таныла түседі деп сенемін.

Мұхтар Төлеген, университет ректоры:

– Қазақстандық студенттер өзара академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша алмасып отырмыз және Польшаның Пшасинск қаласындағы Абай орталығында поляк студенттері Абайдың қара сөздерін, өлеңдерін жатқа оқып отыр. Бүгінгі кездесу мақсаты – осы рухани байланысты күшейту.