«Астана Опера» театрының солистері Татарстан көрерменін тәнті етті

«Астана Операның» жетекші солистері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, көптеген Халықаралық байқаулардың Гран-при иегерлері Әйгерім Бекетаева мен Бақтияр Адамжан Ресейдің ең ірі музыкалық театрларының бірі, ресейлік, әлемдік әрі татар ұлттық музыкалық мәдениетін иеленуші М.Жәлел атындағы Татар опера және балет театры сахнасында өткен Рудольф Нуриев атындағы XXXIV Халықаралық классикалық балет фестивалінде орасан зор жетістікпен өнер көрсетті.

Қазақстандық балет сахнасының жарық жұлдыздары ыстық ықыласқа бөленіп, асқақ өнермен қауышу бақытын сыйлағаны үшін алғыс ретінде құшақ-құшақ гүлге әрі татар баспасөзі, музыкалық сыншылар мен жанкүйерлер тарапынан шаттыққа толы пікірлерге ие болды, деп хабарлайды мәдениет ошағының баспасөз қызметі.

Атақты әртістердің әлеуметтік желідегі парақшалары керемет өнер көрсетуге байланысты құттықтауларға, пікірлерге толды, желідегі оқырмандар бишілеріміздің дарыны мен тамаша техникасын атап өтіп, мақтау сөздерін жаудырды.

Осынау беделді фестиваль Рудольф Нуриевтің тарихи отаны – Қазан қаласында өткізіледі. Нуриевтің өзі билеген сахнаға шығудың бізге артар жүгі мол еді, біз театрымыздың атынан өнер көрсеттік. Әйгерім екеуміз партияларымызды өз деңгейінде орындауға тырыстық, барша көрермендерге шығармашылығымызға осындай жоғары баға бергені үшін рақмет айтамыз. Бойымызда жаңа ынта пайда болып, ерекше күйге бөлендік. Негізінен, мұның бәрі асқан жауапкершілікке толы жұмыс. Біз, әртістер ретінде, әлбетте, мұндай фестивальдерге мүмкіндігінше жиірек қатысқымыз келеді, – деп ойын білдірді Бақтияр Адамжан.

Аталған фестивальге қатысу мен үшін зор құрмет, себебі ол әлемдік балеттің аңыз адамы – Рудольф Нуриевке арналған. Фестиваль арқылы мен ұлы бишінің әлеміне етене жанаса алдым. Көрермендер аудиториясына осындай керемет қабылдаулары үшін, қошемет көрсетіп, қолдағандары үшін мың алғыс, мұның бәрі сахнада тұрып сезіне алдық. Осы сынды фестивальдерде біз шыңдала түсеміз, өз шеберліктерімізді кемелдендіреміз, әлемдік сахналарда өнер көрсету – қашан да толқынысқа толы. Ұйымдастырушыларға шексіз алғысымды білдіремін, мына індетке, әлемді жайлаған дертке қарамастан, фестиваль бәрібір өтті, – деп эмоцияларымен бөлісті Әйгерім Бекетаева.

Әртістер үшін тек өз театрының сахнасында өнер көрсетуден бөлек, гастрольдерге шығып, әріптестерімен пікірлесу өте маңызды, себебі тәжірибемен, күш-қайратымен алмасады, солистер шығармашылық жағынан өседі. Танымал болу дерегі де аса маңызды, Әйгерім мен Бақтияр М.Жәлел атындағы Татар опера және балет театры сахнасында алғаш рет өнер көрсетті, олар «Астана Опера» театрын, тұтас Қазақстанды таныстырды, сондықтан мұны еліміздің шетелде оң имиджін қалыптастыру бойынша жасалған жұмыс деп те білеміз. Бұл – балет әлеміндегі өте әйгілі фестиваль, биыл оған жақын және алыс шетелден 100-ге жуық әртіс қатысты, – деді Ресейдің Халық әртісі, «Астана Опера» театры балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова.

Фестивальдің афишасы әлемдік хореография жауһарларымен – Ф.Амировтың музыкасына «Мың бір түн», П.Чайковскийдің «Ұйқыдағы ару», «Аққу көлі», А.Аданның «Корсар» балеттерімен және тағы басқа спектакльдермен көркемделген.

Еске салар болсақ, 26 мамыр күні Әйгерім Бекетаева Л.Минкустың керемет «Баядерка» балетінде Никияның басты партиясын орындады, ал Бақтияр Адамжан Солордың бейнесін сомдады. Қазақстандық әртістермен бірге сахна төріне Гамзатти рөлінде Аманда Гомес шықса, К.С.Станиславский мен В.И.Немирович-Данченко атындағы Мәскеу академиялық музыкалық театры атынан Иннокентий Юлдашев Алтын Пұт партиясын ұсынды.