Археологтар темір дәуірінде өмір сүрген сақтардың тұрмыстық заттарын тауып алды

Петропавлдық археологтар ежелгі темір дәуірінде өмір сүрген сақтардың тұрмыстық заттарын тауып алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тарих ғылымдарының кандидаты Анатолий Плешаков бастаған тарихшылар тобы Долматово ауылы маңындағы «Ақири» көне қалашығында қазба жұмыстарын жүргізді. Бұл жолы жер астынан қандай жәдігерлер шықты?

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Ну ормандар мен ерке Есілдің жағасы. Жардың үстінен қарасаң, керемет көрініс. Мүлгіген табиғат. Айнала тым-тырыс. Дәл осы жерде осыдан 2500 жыл бұрын «Ақири» деген сақтардың көне қаласы болған.

Біреуге аяқ астындағы қара жер. Бірақ олар үшін тұнған тарих болуы мүмкін. Манаш Қозыбаев атындағы университеттің жас тарихшылары ежелгі темір дәуірін зерттеп жатыр. Бұл сақтардың көне «Ақири» қалашығы тұрған жер.

Қаза берсең, сыры көп. Дильназ Хайрболды қазба жұмыстарына бірінші рет қатысып жатыр. I курс студенті бүгін олжалы болды. Ол сақтардың көне қаруын тауып алды.

Дильназ Қайырболды, Манаш Қозыбаев атындағы СҚУ студенті:

- Кешеден бері біз осы шұңқырды қазудамыз. Және де бұл жерде сақина табылған. Ал, бүгін 44 см тереңдікте садақтың ұшы табылған. Біздің болжамымша, осы садақтың ұшын аңшылықта көптен пайдаланған.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Бұл – сақ әлемінің ең солтүстік қалышығы. Ежелгі адамдар Есіл өзенінің бойындағы жарға жайғасқан. «Ақири» тұрағын тапқан тарихшылардың бірі – Анатолий Плешаков. Қазір студенттерге осындай экспедициялар ұйымдастырады.

Анатолий Плешаков, тарих ғылымдарының кандидаты:

- «Ақири» қазір киелі жерге айналды. Менің ойымша, қазба жұмыстарын шектеп, ашық аспан астында мұражай ашу керек. Ежелгі сақтардың тұрмыс-тіршілігі, шаруашылық салт-дәстүрі мен мәдени әдет-ғұрпы өте қызық.

2023 жылы ашық аспан астында «Ақири» қалашығының мұражайын ашу жоспарланған. Оған ел қазынасынан 57 млн теңге сұралып отыр.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев