Әлібек Дінішев – опера өнеріндегі қайталанбас тұлға

Әйгілі әнші Әлібек Дінішев 70 жасқа толды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Маэстроның орындаушылық мәнері нәзіктігімен, сұлулығымен және лирикалық әуенімен ерекшеленеді. Қазақ іші ғана емес, әлемге әйгілі, Қазақстан және КСРО халық әртісінің отандық мәдениетті дамыту мен музыка өнерін дәріптеудегі еңбегі ерен.

Әлібек Дінішевтің концерттері әрдайым аншлагпен өтеді. Оның табиғи талантына өнерсүйер қауымның құрметі шексіз. Музыкада шекара жоқ. Сондықтан оны әлемнің ең атақты сахналарының өзі асыға күтеді. Расында ол дүние жүзінің ең таңдаулы концерт залдары мен театрларында өнер көрсетіп, көпшіліктің қошеметіне бөленді.

Әлібек Дінішев өнерге жақын отбасында туып өсті. Анасы Кәмила – атақты әншілер Ришат пен Мүсілім Абдуллиндердің қарындасы. Кішкентайынан музыкаға деген қабілетін байқаған ата-анасы оны музыкалық мектепке оқуға береді.

Бибігүл Төлегенова, Қазақстанның халық әртісі:

– Әлібектің әнші болып өскеніне мен таңғалмаймын. Ағалары, анасы әнші болғаннан кейін ол қайда барады. Әлібек өте нәзік әнші. Италияның әндеріне көп көңіл бөлетін. Неміс, қазақ, орыс тілдерінде де айтады. Елге елеулі, халқына қадірлі азамат.

Ол музыкалық мектептен соң Чайковский атындағы музыкалық училищеде білім алады. Оны бітіргеннен кейін Құрманғазы атындағы консерваторияның вокал класына қабылданады. Нағыз кәсіби әншілікке ұстазы Нәдия Шәріпова баулиды. 1975 жылы Михайл Глинки атындағы бүкілодақтық вокал байқауында «Я помню чудное мгновенье» романсын орындап, бірінші орынға ие болып, лауреат атанды. Осыдан кейін талай өнер додаларында топ жарды.

Роза Рымбаева, Қазақстанның халық әртісі:

– Мен үшін ең жоғары тұлға, жұлдыз. Ондай дауыс 100 жылда бір рет туады. Әлібек ағамызды шын жүректен мерейтойыңызбен құттықтаймын.

Әлібек Дінішев Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында және Абай атындағы Мемлекеттік Академиялық Опера және Балет театрының әншісі болды. Ол 1978-80 жылдардың өзінде Кеңес одағымен қатар Алжир, Перу, Португалия, Финляндия, Швеция, Морокко сияқты бірнеше елде концерттік сапармен болып қайтты. Оны қазіргі аға буын опера өнеріндегі қайталанбас тұлға деп таниды. Ал жастар оған қарап бой түзейді. Жезтаңдай әншінің «Әлібек Дінішев атындағы вокал академиясы» бар. Ол әлі талай шәкірт тәрбиелеп, қазақ музыкасының, өнерінің дамуына үлес қоса бермек.

Қарлығаш Қайыпбекова, Мұхит Құдықбаев