Бейжің Абай күнін атап өтті

Бейжіңде ғұлама ақын Абайдың туған күніне орай шығармашылық кеш өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Іс-шараға шет елдердің елшілері, Қазақстан мен Қытайдың мемлекеттік және академиялық топтарының өкілдері және оқушылар қатысты. «Абай оқулары» Қытай астанасында осымен алтыншы рет өтті.

Ботагөз Сырғабаева, тілші:

- Жеті жыл бұрын Бейжіңде Абай Құнанбайұлының мүсіні ашылды. Абай атамыздың ескерткіші Қытай астанасының ең ірі саябағында орналасқан. Ол дүние жүзінің ұлы ойшылдарына қойылған ескерткіштер қатарында бой көтерді.

Мерекелік шара Абай мүсініне гүл қоюдан басталды. Кейін ұлы ойшылдың ескерткішін жасаған әйгілі Қытай скульпторы Юань Сикунь қазақстандық тарапқа мүсінінің дәлме-дәл көшірмесін сыйлады. Ол Абайдың туған жеріндегі мектеп-интернатқа жеткізіледі.

Юань Сикунь, мүсінші:

– Кез келген елдің жарқын тұлғалары бүкіл адамзат мәдениетіне ортақ деп санаймын. Осы данышпандардың бірі - Абай. Жеті жыл бұрын Абай мүсінін жасап, саябаққа орнаттым. Оның ойлары Қытай халқына жақын. Бізде де Ли Бай, Ду Фу сияқты ұлы ақындар болған. Ойлары мен өмірбаяны ұқсас. Мінсіз тұлғалар. Абай шығармашылығы маған қатты әсер етті, сондықтан еікнші мүсін жасап, ұлы қазақ классигінің отанына сыйға тартулды шештім.

Бұл күні елшілік Юань Сикунь мен Қытайдың өзге де шығармашылық және мемлекеттік өкілдеріне Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың атынан алғыс хаттар табыстады. Олар Абай Құнанбайұлының әдеби мұрасын насихаттауға, екі ел арасындағы достықты нығайтуға үлес қосқаны үшін марапатталды. Мерекеге орай оқушылар мен студенттер қазақ әдебиеті классигінің шығармаларын орындады. Қытайдың атақты ақыны Ли Байдың да өлеңдері көпшілікке тарту етілді.

Әкбар Мәжітұлы, Қытай жазушылар одағының мүшесі:

– Бүгін міне, Абайдың өлеңдері оқылды. Абайды Қытай оқырмандары ұнатып оқиды. Конфуций, Мэнцзы, Лаоцзылардың ойына ұштасады, жалғасады. Сондықтан, Абайдың ойы, Абайдың көрсеткен осындай образы бүгінге дейін бәрімізге ой салады.

Биыл Абай күніне арналған шығармашылық кеш дәстүрлі және онлайн форматта өтті. Қазақстан Елшісі Ғабит Қойшыбаевтың айтуынша, Бейжіңде «Абай оқулары» алтыншы рет ұйымдастырылды. Әрине қазақтың ұлы ақынының мұрасын бір күнде көрсету мүмкін емес.

Ботагөз Сырғабаева