425,79 504.32 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Бабалар ізімен: Бұқар жырау кесенесі

  • 312
  • UPD: 15:35, 20.08.2021
Бабалар ізімен: Бұқар жырау кесенесі

Елдегі өткен ғасырларға тиесілі көптеген қорым-қорғандар тоналған. Тарихи жәдігерлердің белгі тастары қойылмаған. Кейбірі мақсатты түрде жойылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осының салдарынан көпшілік ұлы даланың шежіресінен сыр шертетін дүниелердің түп-төркінін білмейді. Тіпті жолдан адасып, сапарын үзіп жататындар да бар. «Бабалар ізімен» экспедициясы бұл жолы хан Абылайдың кеңесшісі болған жырау Бұқар Қалқаманұлының басына барып, рухына тағзым етті.

Далба тауы етегіндегі Бұқар жырау кесенесі Шалқар ауылынан шамамен 25 шақырым жерде орналасқан. Кесене орны қаншалықты көне болса, мұнда апарар жол да соншалықты ескі. Тозығы жеткен. Осыған байланысты төңіректе шетелдік турист түгілі Қазақстанның өзге аймағынан келген мейманды да кездестіру оңай шаруа емес.

Қалиасқар Мықтыбайұлы, бұқартанушы:

– Дәл осы жерге көп келе қоймайды деп ойлаймын. Ең бірінші мәселе – жол мен жарық. Біздің аудан Қарағандыға жақын болғаннан кейін ба әкімдеріміз ауыса береді. Сол дұрыс емес-ау деп ойлаймын.

Көмекей әулиенің 350 жылдығы 2018 жылы кең көлемде аталғаны белгілі. 2019 жылы да келушілер қатары көбеймесе азаймады. Алайда былтыр жаһанға аты жаман індет келгелі қонақтар саны сирегені рас.

«Өлмегенде не өлмейді? Жақсының аты өлмейді. Ғалымның хаты өлмейді». Бұқар жыраудың жатқан жері аты алты Алашқа танылған Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының түсіне кірген. Ал 1993 жылы бұл қасиетті жер кесенеге айналды.

Бұл – 1927 жылы алғаш қойылған түпнұсқа тасы. Қазіргі уақытта құнды жәдігер кесене іргесіндегі музей қорында сақтаулы.

Қалиасқар Мықтыбайұлы, Бұқар жырау ауданының тұрғыны:

– Түсіне кіріп, қайта-қайта аян бергеннен кейін осында бір қошқарын арбаға салып келген дейді. Бүгін ғана апамыз қайтыс болды. Соның әкесі Бахтияр деген кісі, барлығы 4 кісі осы жерде шөп жауып жатқан екен. «Балалар бері келіңдер, мына жерде қазақтың көмекей әулиесі Бұқар жырау жатыр. Сендер білмейсіңдер». «Білмейміз, аға». Ендеше мына қошқарды сойыңдар. Бір табағын асыңдар. Қалғанын таратып беріңдер».

Экспедиция жетекшісі Сапар Ысқақов кесененің архитектурасына тоқталуды жөн көрді. Жиһанкездің айтуынша, үшбұрышты пирамида формасы қазақтың үш жүзін білдірсе керек.

Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» экспедициясының жетекшісі:

– Бұл үшбұрышты пирамида сияқты салынған. Үш жағында кіші пирамида салынған. Бұқар жырау қазақтың үш жүзінің басын қосуға тырысты. Өзінің ақылымен, өзі би ретінде. Көбірек туристерді шақыру үшін жергілікті әкімдіктерге жұмыс істеу керек. Жылына жөндеу жұмыстарын жүргізу керек.

Ал Ботақара кентіндегі аудандық тарихи өлкетану музейі Бұқар жыраумен қатар қасиетті өлкеде туған батырлар туралы аңыздан да сыр шертеді. Музей қызметкерлері Ботақара атауының шығу тарихына тоқталды. Нұсқалардың бірі бойынша кент атауы Нарбота батырдың есімімен тікелей байланысты.

Болат Досанбек, Бұқар жырау аудандық тарихи өлкетану музейінің әдіскері:

– Жоңғар шапқыншылығында қалмақ пен қазақтар шайқас кезінде екі жақ та жекпе-жекке шақырылған дейді. Ол кезде қалмақтар жағынан дулығасы бар бір батыр шығады екен. Қазақтар жағынан Нарбота батыр. Екеуі шайқасып жүріп қылыштасып жүрген кезде қалмақ батырдың дулығасы ұшып кеткен кезде өзінің ғашығы Цеценің шашы жайылып, оны көріп тоқтай қалған. Сол кезде қай жақтан белгісіз жебе атылып, сол жерде Нарбота мерт болған дейді.

«Бабалар ізімен» экспедициясы Бұқар жырау ауданымен іргелес жатқан Баянауыл ауданына бағыт алды. Экспедициялық топ Ескелді елді мекенінде орналасқан Мәжһүр Жүсіп Көпейұлының кесенесіне тоқтайды.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Қуаныш Қожабеков

Хабар 24 телеарнасы