«Хабар» арнасында психологиялық драма көрерменге жол тартады

Жақын арада «Хабар» телеарнасының эфирінде «Іңкәр сезім» деген атаумен шынайы оқиғаға негізделген «The Innocents/ Квартира Невинных» драмасы көрерменге жол тартады.

«Іңкәр сезім» – түрік көрермендерінің жүрегін жаулап алған жаңа жоба. Телетуынды 128 сериядан тұрады.

Телехикая түркиялық психоаналитик Гүлсерен Будайджиоглудың «Медальон ішінде» атты романының негізінде түсірілген. Автордың айтуынша, көп сериялы фильм көрермендерге психологиялық терапияның әсерін қалдырмақ.

Махаббат, қайғы, сатқындық, шытырман оқиғалар мен отбасылық құпиялар – қызықтың барлығы «Хабар» арнасының «Іңкәр сезім» атты жаңа сериалында. Басты кейіпкерлердің бастан кешкен оқиғалары телекөрермендерді таң қалдырары анық.

Көп сериялы телехикая Дереноглу жанұясының өмірі жайлы баяндайды. Әкесі ауырып қалғаннан кейін, әулеттің үлкен ұлы Хан жақындары үшін жауапкершілікті өз мойнына алып, әкесі мен Сафия, Гүлбен және Нериман есімді әпкелеріне қамқор болады. Жанұя мүшелерінің психологиялық ауытқулары салдарынан Дереноглу әулетінің тағдыры түрлі қиындықтарға душар болады.

«Хабар» телеарнасының жаңа маусымында «Іңкәр сезім» телехикаясы қазақ тілінде көгілдір экранға шығады.