Astana Media Week аясында үздік әлеуметтік сценарий авторлары марапатталды

Бүгін Astana Media Week медиа апталығының аясында ұйымдастырылған үздік әлеуметтік сценарийлер бәйгесі өз мәресіне жетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алдағы уақытта сол жобалар бойынша бейнероликтер түсіріледі. Сценарийлер отбасылық құндылықтар, экология және қаржылық сауаттылық тақырыптарын қамтыды. Үздік атанған 3 авторға 1 миллион теңге көлемінде сыйақы берілді. Шараны ұйымдастыруға «Қорғау Астана» қоры, «Сбербанк»және «ҚазАзот» компаниясы мұрындық болды.

Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық ең өткір мәселелердің бірі. Биылдың өзінде бұл көрсеткіш шамамен 5%-ке артты. Бүгінгі бәйгеге қатысушылар әйелдерді қорғау мен отбаслық құндылықтар тақырыбына ерекше көңіл бөлді. Аталымда Айнұр Асылбекқызы үздік атанды.

Анна Рыль, «Қорғау Астана» қорының жетекшісі:

- Біздің қор ауыр жағдайға тап болған әйел адамдарға жәрдемдеседі. Өкінішке қарай, тұрмыстық зорлық-зомбылық деректері азаймай тұр. Бірақ жастардың бұл тақырыпқа қызығатыны өте жақсы. Олар отбасылық құндылықтарды бағалауды үйренеді.

Ал «Қаржылық сауаттылық» аталымында Нұрдәулет Сүлеймен жеңіске жетті. Ол өзінің сценарийінде ақшаны орынды жұмсау және үнемдеу қажеттілігі туралы жазған. Биылғы байқауда экологиялық мәселе де назардан тыс қалған жоқ. Елде көптеген өндірістік кәсіпорын жұмыс істейтіндіктен, ауаның ластанатыны белгілі. Әрбір компания осыны ескеріп, қоршаған ортаға келтіретін залалды азайтуға талпынуы тиіс. Осы мәселе жайында жазған Лимара Бектұрғанова да бүгін жеңімпаздар қатарынан көрінді.

Айжан Балабатырова, «ҚазАзот» АҚ компаниясы бас директорының орынбасары:

- Біздің кәсіпорын ауаны ластайтын заттар көлемін қадағалайтын жүйе әзірлеп жатыр. Соның арқасында мемлекеттік органдар өндірісте толыққанды бақылау жүргізе алады. Бүгінгі шараға қатысушылар түрлі экологиялық түйіткіл жайында айтып, көңілімізден шықты. Мұндай питчингті жылда өткізсек те артық болмайды.

Айта кетейік, питчингке қатысуға 20-дан астам өтініш түскен. Олардың 9-ы ғана іріктеуден өтті. Ал бүгін жеңіске жеткен 3 сценарий бойынша әлеуметтік бейнероликтер түсіріледі. Алдағы уақытта оларды «Хабар» және «Хабар 24» арналарының эфирінде көруге болады.

Авторлары: Дариға Ташенова, Аят Дүйсембаев