Құс салып, ит жүгірткен маңғыстаулық аңшылар суретшілік шеберлігімен де таңдандырады

Жетібай ауылында тұратын бұл жігіттер ұстаған түз тағыларының терісін илеп, панноға айналдырады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сөйтіп оған майлы бояумен сурет салады. Табиғи картинаның мазмұны да терең. Өнерлі азаматтар енді «Этноауыл» көрмесін өткізуге дайындалып жатыр.

Суретші Жасұлан Егеубай Жетібай ауылы балалар өнер мектебінде сабақ береді. Бейнелеу өнеріне шәкірт баулып жүрген жас маман аң терісін өңдеп, оған сурет салуды қолға алды. Ұмыт болған ежелгі дәстүрді қайта жаңғыртуға құсбегі досы кеңес берген.

Жасұлан Егеубай, суретші:

– Екі өнердің басын біріктіріп, теріге сурет салып көрейік дедік. Бір айға жетпеді. Жақында бастағанбыз. Теріге сурет салып, осылай дамытып келе жатырмыз. Әлі де бірталай жобаларымыз бар, суреттеріміз бар салатын, тақырыптарымыз бар қозғайтын.

Құсбегі Дәулет Мұқашев қос бүркіт бағады. Қырандарды балапан кезінен асыраған. Олар ілген түз тағысының терісін бүлдірмей алуды үйренді. Алдымен теріні аяғынан басынан қарай сыпырып, жылы күйде тұздайды. Кепкен соң ішкі жағына айран жағады. Сосын қолмен уқалап илейді. Қарсақ, түлкі терісінен сырт киімге жаға, бас киім тігуге болады. Енді сурет салдыруға көшті.

Дәулет Мұқашев, құсбегі:

– Теріні лақтырмай, пайдаға жаратқан жақсы. Тері өңдеуді, теріге сурет салуды кітаптан оқып, оны бағзыдан ұмытылып қалған суреттерді қайтып халыққа көрсетіп, жаңғыртып көрсетіп жатырмыз.

Жетібайлық шеберлер жарғақ және шашақ құлақты тазылар ұстайды. Оларды бүркіттен бөлек аңға салады. Ата кәсіпті жастайынан меңгерген азаматтардың қақпаншылық өнері де бар. Аңшылық құралдары атадан балаға мирас болып қалған.

Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев