Елордада зейнеткерлер түрлі үйірмеден өнер үйреніп жүр

Елордалық зейнеткерлерге өнердің түр-түрін үйренуге мүмкіндік туды. Бас қалада ардагерлер орталығы ашылғалы қариялар үйде бос отырмайды. Аптасына бес күнін білім алып, өнер үйренуге арнайтындар бар.

Мұнда бірі домбыра тартып, ән шырқауға құштар болса, енді бірі йогамен айналысып, дене шынықтыруға барып жүр.

Айнұр Қуатқызы, тілші:

- Бақыт әже домбыра үйірмесіне келіп жүргеніңізге қанша уақыт болды? Сізге қарап қызығып отырмын. Демек, өнер үйрену ешқашан кеш емес дейсіз ғой? Домбыраның құлағында ойнамасам да мен де тартып көрейінші.

Бақыт әжей бұл орталыққа келгелі бірнеше үйірмеге қатар жазылыпты. Жасында домбыра шерту арман болыпты. Сондықтан қазір нота жаттап, күй ойнауға талпынып жүр. Өнер, білімді меңгеру ешқашан кештік етпейді, дейді.

Бақыт Қалибекқызы, зейнеткер:

- Осы домбырадан бастадым. Жаман емес, жақсы. Надежда деген ұстазымыз бар. Басында ой бұл өзге ұлт өкілі бізге домбыраны қалай үйретеді дегенбіз. Әжептәуір қазір екі-үш айдың ішінде Ахмет Жұбановтың «Би» күйін үйреніп қалдық. 

Ал әжелерге домбыраны Надежда Сенюшкеевич үйретеді. Өзге ұлт өкілі болса да домбыраға деген құрметі ерекше. Үлкендердің талабына таңқалатынын айтады. «Қариялардың қос ішекті аспапта күй ойнайтын күні алыс емес» деп отыр.

Надежда Сенюшкевич, домбыра үйірмесінің мұғалімі:

- Маған домбырада ойнау өте ұнайды. Өнер университетінде домбыра мамандығына оқып жатырмын. Қазір осы орталыққа келіп, ата-әжелерге домбырадан сабақ беремін. Бір қызығы, үлкен болса да ол кісілер нота арқылы жаттығып жатыр.

Мұнда жасында уақыт таппаған қариялар зейнеткерлікке шыққаннан кейін өнердің түр-түрін игеруге асық. Орталықта ардагерлердің тынығып, шығармашылықпен айналысуына барлық жағдай жасалған. Бірі шахмат ойнап жарысса, енді бірі тоқыма тоқудың қыр-сырын үйренеді. Вокалға қатысып, әдемі ән шырқап, жаттығу залында дене шынықтырады. Компьютердің де тілін меңгереді.

Зүлфия Қабидуллинова, орталықтың офис менеджері:

- Шахмат, Тоғызқұмалақ, ағылшын, қазақ тілдері және компьютер курстары бар. Музыка жағынан хор, домбыра, вокал, спорт жағынан фитнес, йога, би, тренежер зал, соларымыз бар. Сабақтан басқа бізде іс-шаралар өтеді.

Ардагерлер орталығында 15 түрлі үйірме бар. Зейнеткерлер бұл үшін ақы төлемейді. Бәрі тегін. Ашылғанына көп бола қоймаса да келушілер қатары күн санап артқан. Бұдан былай түрлі қалалық іс-шараларға қатысып, өскелең ұрпаққа үлгі көрсетпек. 

Айнұр Қуатқызы, Асхат Қарақойшы