Алматыда бір жылда 42 кітапхана қысқарған  

Еліміздегі кітапхана саласында кілтипан көп, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Биылдың өзінде 42 кітапхана қысқарып кеткен. Еліміз бойынша 1 мың 200-ден аса кітапхана ғаламторға қосылмаған. Сала қызметкерлерінің орташа жалақысы 60-70-мың теңгеден аспайды. Олар ең бірінші кезекте еңбекақыны көтеруді сұрайды. Осы және өзге де мәселелер Алматыда өткен «Қазақстандық кітапханалық одақтың» кезекті отырысында қаралды. Сондай-ақ ауылдардағы кітапханалардың басым бөлігі күрделі жөндеуді қажет етеді. Кітап қорын орталықтандырылған жүйеге көшіру, басылымның электрондық нұсқасын жасау, оқырмандар үшін қолайлы жағдай қалыптастыру мәселесі де күн тәртібінде тұр дейді мамандар. Олар саланы оңтайландыру мен кітапхананы сенімгерлік басқаруға беру саясатына да мүлдем қарсы.

Мамандардың айтуынша, бұл кітапхана ісін тығырыққа тірейді.

Бақытжамал Оспанова, ҚР Ұлттық кітапханасының директоры:

– Кітапхананы жекеменшікке беру дұрыс емес. Ертең жастарымыз, балаларымыз қайда барады? Өздеріңіз білесіздер, президентіміз кітапханаға көмек беріңдер деп айтып жатыр. Алайда қазір кітапханаларды жекеменшікке беру деген мәселе шығып жатыр. Ол дұрыс емес. Ертең кітапханалар жойылып кетеді. 

Светлана Иманқұлова, «ҚР мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподағы» ҚБ төрайымы:

– Жалақсын көтеру үшін біз 13 жылдан бері базалық лауазымды айлық көрсеткішін № 1193 қаулысының күші жойылсын деген ұсынысты бүгінгі күнге дейін айтып келеміз. 20 пайызға, 50 пайызға дейді. Ал оны халық ойлайды мен қазір 50 мың алып жүрсем, енді 75 мың алам деп. Олай емес, жаңағы 17 мың 679 теңгеге ғана көтеріледі. Есептеңіздер, 17679-дың жартысы 8-9 мың. Әрі кетсе, 10 мың көлемінде.