Қасым-Жомарт Тоқаевтың Елбасы туралы кітабы португал тілінде жарық көрді

Мемлекет басшысының «Тарих сомдаған тұлға» атты кітабы португал тілінде шықты, деп хабарлайды «Хабар 24». ҚазАпқарат-қа сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тұңғыш Президент – елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа арнаған бұл туындысы оқырман қауымға кеңінен танымал. Іргелі еңбекте қазіргі Қазақстан мемлекетінің негізін қалаған көрнекті саясаткердің өмір жолы баяндалады. Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл кітабында тәуелсіз Қазақстан тарихындағы сындарлы сәттерге, атап айтқанда, жас мемлекеттің қалыптасу кезеңіне, ел астанасының көшірілуіне, саяси және экономикалық реформаларға, сыртқы саяси аренадағы алғашқы қадамдарға ерекше мән берген. Бұл кітап жарық көрген сәттен әлемге Қазақстан саяси әдебиетінің жарқын көрінісін паш етті. Сонымен қатар шет мемлекеттерде де зор қызығушылық туғызды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тарих сомдаған тұлға» атты кітабы Лиссабонда португал тілінде жарыққа шығуының символдық мәні зор. Осы айтулы оқиға Қазақстан мен Португалияны одан әрі жақындатуға септігін тигізіп, шетелдік оқырмандарға еліміздің тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігін таныта түспек.