Жамбыл ақынның тұтынған бұйымдары көшпелі көрмеге қойылды

Атырауда Домбыра күніне орай Жамбыл ақынның тұтынған бұйымдары көшпелі көрмеге қойылды. Оның ішінде екі домбырасы бар.

Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалды музейінің ұйымдастыруымен «Ұлы жыраудың асыл мұрасы» атты көшпелі көрме өтті.

«Жамбыл ақынның шығармашылығының 75 жылдығына орай 92 жасында 12 бөлмелі үй берілген еді. Атамыз өмірден өткенге дейін сол үйде тұрды. Атамыз өмірден өткеніне екі жылдан соң сол үй Жамбыл музейіне айналды. Атырау жұртшылығының назарына ұсынылған көрмеге ақын атамыздың пайдаланған жеке бұйымдарын, домбырасы мен киген шапанын, отбасылық суреттерді, өзге де құнды жәдігерлерді әкелдік. Үш күн бойы атыраулық жұртшылығына Жамбыл ақынның өмірі мен шығармашылығынан мол мағлұмат ұсындық», - дейді ұлы ақынның немересі Салтанат Жамбылова.