4 қыркүйекте «Хабар» арнасынан «Жеті қазына» көрерменге жол тартады

Бүгін сағат 19:00-де «Хабар» арнасынан көрерменге мегажоба жол тартады. Енді әр жексенбі сайын жұрт ұлттық өнер мен ұлттық спортты қамтыған "Жеті қазына" аталатын жаңа жобаны тамашалай алады. Қалың көпшілік көк жәшік арқылы бір жарым сағат бойы қазақтың құндылығына қанығады.

«Жеті қазына» 10 аталымнан тұрады. Мега жобаға 17 облыс пен 3 қаланың бәрі қатыспақ. Бір бағдарламада 2 өңір өзара сайысқа түседі. Аймақтың өнерпаздары мен спортшылары ән, жыр-терме, күй, айтыс, күрес, қол күресі, арқан тартыстан бақ сынайды. Жұрт ауылдың алты ауызын да осы «Жеті қазынадан» тамашалайды.  

Жұмабек Рахимов, "Жеті қазына" мега-жобасына қатысушы /СҚО/: 

- Жеті қазына деген телешоуға біздің алғыстан басқа айтар жоқ. Себебі осы жарысқа күллі Қазақстанның жер жерінен ауылда көрінбей жатқан таланттарды жарыққа шығару ол біз үшін үлкен, бір мақсат болып жатыр. Сондықтан да көп телеарнаның бетін аша қалсақ көңілге қонбайтын дүниелер көтеріліп жатады. Оның қасында мынау ата бабадан қалған ұлтық өнерді дәріптеп, жүректері мықты, білектері мықты, әнші, биші бәрі, бар. Жақсы іс шара болып жатыр. 

Жеңімпазды қазылар алқасы анықтайды. Оның құрамында Секен Тұрысбеков, Ақан Әбдуәлиев, Шұғыла Сапарғалиқызы, Клара Төленбаева, Еркебұлан Қайназаров, Садық Мұстафаев сынды қазақтың өнері мен спортының маңдайалды өкілдері бар. Төрағасы Берік Уәли.  

Берік Уәли, "Хабар" Агенттігі" АҚ Басқарма төрағасы, қазылар алқасының төрағасы:

- Бұл жобаның басты ерекшелігі «Қазақстан барысына», үлкен айтыстарға қатысып жүрген ақындар немесе күрескерлер емес, қарапайым ауылдан шыққан, бұрын көп сахнаға шықпаған адамдар осы сахнаға шығып, өз өнерлерін көрсетеді. Жаңа жылда жеңімпазды анықтаймыз және қорытындысы үлкен гала концерт болады. Күз бойы, қыс бойы өнер көрсеткен азаматтардың үздіктері сол гала-концертте өнер көрсетеді. 

Бүгіннен бастап, әр жексенбі сайын сағат 19:00-де қазақ елі «Хабардан» бір жарым сағат бойы «Жеті қазынамен» сусындайды. Қанат қақты жоба келесі жылдан бастап ауылдық, аудандық, облыстық деңгейде өтіп, іріктеу жүргізілуі мүмкін. Сөйтіп, өңірде көп ішінен қара үзіп, дара шыққандар республикалық телевизиялық жобаға қатыса алады. Бұл дегеніміз «Жеті қазына» - ауыл, аудандағы шын таланттарды танытатын бағдарлама, өңірлерді сахна арқылы біріктіре түсетін алтын көпір болады. Тамашалайтын дүние көп. Ендеше, кешкі сағат жетіде "Жеті Қазынаны" өткізіп алмаңыз. 

Қорған Қонысбайұлы, Мұрат Әріпханов, Болотбек Табалдиев