Бұрынғы қорғаныс министрінің идеясы бойынша түсірілген фильм Кореяда көрсетіледі

Оңтүстік Кореяда қазақ киносының күндері басталды.

Көрсетілім Ыйджонбу қаласындағы Шинхан университетінің кинозалында өтеді. Көрермендер режиссер Серікбол Өтепбергеновтің «Патриоттар уақыты» және Фархат Шәріповтың «Схема» фильмдерін тамашалайды. Шараны еліміздің Сеулдегі елшілігі мен ШинхАн университетінің қолдауымен «Kazakh cinema» ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы ұйымдастырды. Корея биылғы жылы мұндай көрсетілімдерді өткізетін әлемдегі тоғызыншы және Азиядағы бірінші мемлекет.  2022 жылдың соңына дейін қазақ фильмдерін тағы 6 елдің көрермендері тамашалайды. Бүгін оңтүстік кореялықтар «Патриоттар уақыты» картинасымен танысты. Бұл экшн жанрындағы ең ауқымды қазақстандық фильм. Идея авторы бұрынғы қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев. «Патриоттар уақыты» Қазақстан мен Ресейде кинопрокатта шықты. Қазір фильмді АҚШ, Жапония және Кореяда көрсету үшін келіссөздер жүргізіліп жатыр. Фильмнің бюджеті 2 миллион 200 мың долларды құрайды.

Чой Чан Мин, шинхан Университетінің актерлік бөлімінің студенті:

- Шынымды айтсам, қазақ киносын бірінші рет көріп тұрмын. Ағылшын тілін білмеймін, бірақ актерлердің ойынына қарап, оқиға желісін түсіндім. Актерлер шеберлігі жоғары деңгейде болды. Ал фильмнің өзі жақсы.