Шымкентте мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы ойын алаңы тарту етілді

Шымкенттегі мүмкіндігі шектеулі балалар енді арнайы ойын алаңында асыр салып ойнай алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұндай сыйды ерекше балаларға жергілікті билік демеушілер есебінен жасаған.

№6 балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына қойылған құрылғыларды қол арбада отырған бүлдіршіндер де қолдана алады. Түркия технологиясына негізделіп жасалған ойын алаңын арна тілшісі Нұрбек Байбосын да көріп қайтты.

Нұрбек Байбосын, тілші:

- Әлеуметтік қызмет көрсету орталығының ауласына орнатылған ойын алаңшасы шағын ғана. Мұндағы әр құрылғының атқаратын қызметі де әр түрлі. Мәселен мына әткеншекті қол арбамен жүретін бала да қолдана алады. Бала құлап кетпес үшін қауіпсіздік басты назарда.

Ойын алаңшасындағы құрал-жабдықтардың барлығы отандық өнім. Шымкенттегі зауытта шығарылуда. Жобаны қолға алғандар алдағы уақытта мүмкіндігі шектеулі балалар үшін айналмалы карусельдер жасауды ойластырып қойыпты. Дәл осындай алаңшалар алдағы уақытта саябақтарға да қойылмақ.

Нұрбол Тұрысбеков, жоба авторы:

- Мүмкіндігі шектеулі балалар парктегі аулаларда ойнай алмайды. Неге? Өйткені біреу арбада болады, енді біреуінің ойлау қабілеті төмен болады. Сосын бұл жерде арнайы сақтандырулары бар. Арбамен кіріп, сонымен бірге әткеншек тебуге мүмкіндік бар. Кейбір қорқатын балалар болады. Олар арнайы тәрбиешілері мен бірге пластикалық орындықта бірге отырып, қорықпау үшін бірге тебуге болады.

Бұрындары бұл жерде ескі ойын алаңшасы болған. «Кеңестік кезеңнен қалған темірлер іске аспай қалды», - дейді әлеуметтік орталық басшылығы. Осыны ескерген жергілікті билік заманауи арнайы ойын алаңшасын орнатып беруді ұйғарыпты. Мемлекеттің бір тиынын шығын қылмай, қайта барлығын демеуші есебінен жабдықтаған.

Бұхарбай Парманов, абай ауданының әкімі:

- Балалар үйінде ұмыт қалдырған жоқпыз. Демеушілер есебінен 6,5 млн теңгеге осыны орнаттық. Жоспарларымыз бар, осындай балалар үйлері бар ендігі жылға біз млрд теңгенің көлемінде жобалық-сметалық құжаттар жасап, 35 аулаға жасаймыз деп жатырмыз.

Қазір қыс мезгілі болғандықтан, балалар орталық ішінде. Ал мұнда көктем мен жазда ойнайтын болады. Жалпы №6 қалалық балалар арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 150-ге тарта бала бар. Мұнда бүлдіршіндер 3 жастан 18 жасқа дейін осында жатып ем алады. Әрі жан-жақты дамуы үшін арнайы білім беріледі.

Бақытжан Сұлтанбеков, қалалық №6 балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорының м.а.:

- Балалар ойнасын көңілін көтерсін деп осындай алаңдар орналастырып беріп жатыр. Оғанда көп-көп рахмет айтамыз. Мұндай бұрын бізде болған жоқ еді. Кішкентай әткеншектер болды, тура осындай алаң болған жоқ.

Әкімдіктің арнаулы әлеуметтік орталыққа жасап жатқан көмегі бір бұл емес. Күзде мекеменің жан-жағын қоршап, ауласын абаттандырып беріпті. Ал Жаңа жыл мерекесіне орай балаларға базарлық ретінде арнайы сыйлықтар мен тәттілерді сыйға тартуды да естен шығармапты.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов