Сексеуіл кентінің тұрғындары көптен бері көгілдір отынды күтіп жүр

Қызылорда облысы Арал ауданындағы Сексеуіл кентінің тұрғындары көптен бері көгілдір отынды күтіп жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені осыдан 6 жыл бұрын іске қосылған «Бейнеу-Бозай» газ құбыры елді мекеннен небәрі 18 шақырым жерден өтіп жатыр. Енді ауыл халқының да пеш жағып, көмір тасу бейнетінен арылар күні алыс емес.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Дәмегүл Жолдыбайқызы – көп балалы ана. Үлкен отбасының үйі де үлкен. «Күніге 5-6 шелек көмір жағуға тура келеді», - дейді ол. Тонналап отын түсіргеннен бөлек, оны бұтап, күлін шығарудың да бейнеті аз емес.

Дәмегүл Жолдыбайқызы, Сексеуіл кентінің тұрғыны:

- Бейнеті әрине, көп. Міне, кеше отымыз тартпай, біз күл алдырдық пешімізден. Қара күйе болады ғой үй. Сондықтан сол газ тезірек келсе деп отырмыз ауылымызға.

«Тоғыз жолдың торабында тұрған Сексеуіл кентінің төңірегінде пайдалы қазбалар да бар», - дейді тұрғындар. Тіпті кварц құмы мен титан өндіруге болатынын мамандар дәлелдеген. Көгілдір отын келсе, әлгі өндірістердің жолы ашылар деген үміті басым, ауылдықтардың.

Жолмырза Мырзағұлов, Сексеуіл кентінің тұрғыны:

- Сексеуіл кентіне газ келсе, нағыз экономикалық жағынан да, тұрмыс жағынан да көтеріледі. Біздің зауытымыз да, сондай қорлардың бәрі көптеген қаражат түсіреді біріншіден, екіншіден, халыққа жұмыс көзі ашылады. Халықтың әл-ауқаты жақсарады ғой.

Сексеуіл кентін газдандыру облыстың әлеуметтік-экономикалық даму жоспарына енгізілген. «Бүгінде құрылыстың жобалық құжаттары әзірленіп, қаржы көлемі нақтыланып жатыр», - дейді мамандар. 

Жанқожа Құдайберген, Арал аудандық түкш бөлімі басшысының м. а.:

- Кешенді жоспарға сәйкес Сексеуіл кентіне АГБС – автоматтандырылған газ бөлу станциясын орнату жұмыстары 2021 жылға жоспарлануда және осыған сәйкес Сексеуіл кентіне газ жеткізу құбырын, орамішілік газ тарату желілерін салу 2022 жылға жоспарланып отыр.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- 6 жылдан бері Арал қаласының тұрғындары көгілдір отынның игілігін көріп келеді. Ал өткен жылы тұзшылар мекені Жақсықылышқа газ берілгені белгілі. Сала өкілдерінің айтуынша, Сексеуіл кенті мен шижағалықтар алдағы 2 жылда отын жағып, күл шығару бейнетінен біржола арылатын болады.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев