Қазақстандық жастар тик-токта тренд орнатуда

Қазақ халқының салт-дәстүрін, музыкалық аспаптары мен қазақ тілін әлемдік платформаға жүктеп, өзге елге танытуды көздейтін жастардың саны артып келеді.

Ұлттық құндылықты дәріптеп жүрген қазақстандықтардың бейне-роликтері 4 миллионнан астам қаралым жинады.

Оралдық жігіт Данияр Рахметжанов ұмыт болған қазақ халқының ұлттық музыкалық аспаптарын тик-токта насихаттап жүр. Ол домбыра, шертер, шаңқобыз арқылы шетелдік әндермен коллабрация жасайды. Данияр басқа да аспаптарды меңгеріп, қабілетін әлі күнге дейін шыңдап келеді.

Данияр Рахметжанов, продюсер:

- Домбыра, шертер, шаңқобыз, қазір сазсырнайды үйреніп жатырмын. Болашақта - мақсатым қазақи көне аспаптарды меңгеру, қазақи контент жасау. Қазақтың өнерін жаңа форматта көрсету. Соларға патриоттық сезім ұялату. Әлемге таныту.

«Assalamu Alaikum» әні мен видеосы тик-токта қазан айында трендке айналды. Даниярдың айтуынша, мұндай контент арқылы әлемге қазақ халқының кеңпейілді екенін паш етуге болады. Қазір видеоның қаралымы 4 млн-нан асқан.

Данияр Рахметжанов, продюсер:

- Видеосынан бұрын әнін жаздық. Сөзіне, музыкасына. видеоға 3 күн уақыт кетті. Әр ұлттың образын сомдаған менің өнердегі достарым - Сұлтан мен Ару. Киімді де өздері тапты. Жартысын өздері тікті.

Бүгінде тиктокерлер қазақтың салт-дәстүрі мен тілін де дәріптеп жүр. Олар қазақ тіліндегі мақал-мәтелдерді аударып, 15 секундтық контент жасаған. 

Қазір Қазақстанда бірнеше Tiktok house бар. Яғни атақты тиктокерлер жиналып, әртүрлі видео түсіреді. Ең алғашқы ашылған топқа бір күнде 100 мың адам жазылған. Қазір 10 миллионға жуық тұрақты оқырманы бар.

Асхат Халимов, қазақстандық Tiktok House продюсері:

- Tiktok House - медиа платформа. Бұл жерде талантты жастар, әнші, биші, әзілкеш, яки шығармашылықты жаны сүйетін адамдар жиналады. Трендке айналған желіде контент жасап, қазақстандық жастарды әлемдік деңгейге көтеруді жоспарлап отырмыз. Қазірдің өзінде нәтиже жаман емес. Жаңашылдық, ізденіс керек.

Жалпы жастарымыз тик-токты тиімді пайдаланаудың жолын тапты. Оған дәлел әлеуметтік желідегі платформада ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын орта қалыптасып келеді. Бұл платформа адамдардың шығармашылық қабілетін ашады. Бірнеше тілді меңгеріп, музыкалық аспаптарды да үйренуге  болады.

Наргиз Бекмағанбетова, Марат Диханбаев, Аян Сәрсенбаев

Сондай-ақ...