Қазақстанның төрт қаласында қорғасынның балалардың ағзасында бар-жоғы тексеріледі

Қазақстанның 4 қаласында пилоттық жоба негізінде балалар ағзасында қорғасынның бар-жоғы тексеріледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұндай зерттеу елде соңғы рет 30 жыл бұрын жүргізілген. Қауіпті темірдің адам ағзасына тигізер зияны қандай және күнделікті өмірде одан қалай сақтанған жөн?

Хабиба қорғасынның адам ағзасына зиян екенін жақсы біледі. Анасы да баласының денсаулығына алаңдайды. Сондықтан ағзасында қорғасынның бар-жоғын тексертуге бірден келіскен.

Гүлнұр Сыздықова, қала тұрғыны:

– Қорғасын баланың дамуына теріс әсер ететінін жақсы білемін. Әсіресе психологиялық жағдайына кері әсері бар. Соның салдарынан бала ашуланшақ болуы мүмкін. Біз тіпті біле бермейтін кейбір ойыншықтардың құрамында қорғасын кездесетін көрінеді.

Қорғасын нағыз экотоксинді зат болып есептеледі. Күнделікті тұрмыста зауыттардың, көліктің ауаға тастайтын зиянды қалдықтарында көптеп кездеседі. Тіпті түрлі түсті заттар мен косметикада да белгілі бір мөлшері бар.  

Дмитрий Калмыков, эколог:

– Қорғасында бірқатар өңнің оксидтері бар. Әсіресе жарқын бейнелерде ол көптеп кездеседі. Алайда ондай концентрация көлемін анықтайтын норма жоқ. Салдарынан құрамында қорғасын бар заттар балабақша мен мектептерде де көптеп қолданылады. Біз дүкеннен барып сатып алған бояуда қорғасын көлемі Еуропа мен АҚШ, Жапониядағы шекті мөлшерден 1000 есе көп болып шыққан.

Осыған қарамастан Қазақстандағы регламент бойынша құрамында қорғасын бар бояуларды пайдалануға тыйым салынған. Алайда іс жүзінде ол өз нәтижесін бермей отыр. Адам ағзасында қорғасын мүлде болмауы тиіс. Себебі қауіпті темір ішке енсе, ол сүйекті әлсіретіп, қан айналымды нашарлатады. Ағзадан шығару үшін ондаған жылдар бойы емдеу курстарынан өту керек.

Сәуле Смағұлова, токсиколог:

– Ағзаға түскен кезде ол алдымен ми, тыныс алу жүйесі, жүрек-тамыр жүйесін зақымдайды. Кейін жүйке жасушаларына әсер етеді. Әсіресе 1 жастан 5 жасқа дейінгі балалар ағзасы тез улануға бейім келеді. Қорғасын ағзаға түскенсоң тез бейімделіп, кері әсерлері ұлғая береді.

Пилоттық жоба аясында қазір Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды мен Шымкент қалаларында тегін сынама тапсыруға болады.

Алмаз Нарбаев, медицина орталығының басшысы:

– Ұлттық орталық ЮНИСЕФ-пен бірігіп осындай зерттеу жүргізіп жатыр. Барлығы 4 пен 11 жас аралығындағы 1 мың баланы тексереді. Кейін бұл жоба ұлттық сипат алып, Батыс Қазақстан мен Өскеменде де өткізу жоспары бар. Себебі қорғасынды кез келген ағзадан кездестіруге болады.

Зерттеу нәтижесі бойынша мамандар бірқатар ұсыныс әзірлемек. Кейін қорғасынды қолдану бойынша арнайы норма жасақталады. Ал балалар алаңдарын қазірдің өзінде өндіріс ошақтары мен жол жиегінен алыс орнатқан жөн дейді мамандар. Сондай-ақ қолданатын заттар мен ойыншықтардың құрамын мұқият қараған жөн.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев