Алматы облысында жолда қалған 15 жүк көлігі мен жолаушылар құтқарылды

Алматы облысында жолда қалған 15 жүк көлігі мен олардың жолаушылары құтқарылды.

Оқиға республикалық Үшарал – Достық жолында болды, деп хабарлады ҚазАқпарат.

Қазір аталған учаскеде жол жабық. Боран соғып, жол көрінбейді. Алматы облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, жолда қалған көліктер Достық бекетінен шығып Үшаралға қарай бара жатқан.

«Олар жол жабылмай тұрып, шығып кеткен. Ауа райының қолайсыздығына байланысты 29 қаңтар күні сағат 22:30 Үшарал – Достық бағытындағы тасжол жабылды, онда барлық көлік түріне жүруге болмайды. Бүгін 30 қаңтар күні жолда қалған 15 жүк көлігі және көлік салонындағы 20 адам қар құрсауынан шығарылды. Зардап шеккендер жоқ», - делінген ТЖД баспасөз қызметінің хабарламасында.

Аталған ведомствоның өкілдері жүргізушілерге жолға шықпас бұрын ескерту хабарламаларға құлақ асып, ауа райы болжамымен танысып алуды сұрайды. Сонымен қатар жолда қалған жағдайда 112 номеріне қоңырау шалу керектігін еске салады.