Атырау облысында 22 медициналық ұйымда вакциналау жүргізіледі

Атырау облысында ерікті түрде екпе салу үшін 22 медициналық ұйым әзірленген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның 15-і мемлекеттік, қалғаны жекеменшік ұйымдар. Мұнайлы өңірде негізгі екпені сақтауға арналған көлемі 700 литр болатын мұздатқыш демеушілер көмегімен алыныпты. Ал, жекеменшік медициналық мекемелер өз қаражаты есебінен алып жатыр. Атыраудағы №3 емханаға екпе салдыру үшін облыс әкімінің орынбасарынан бастап басқарма басшылары арнайы келген.

Айта кетейік, бекітілген әр медициналық ұйым күніне 60 адамға вакцина салады. Ал, аудандарға екпе мұздатқыштар арқылы жеткізіледі.

Асхан Байдуәлиев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Әр ауданға 1 екпе кабинеттері ұйымдастырылған. Оларда қазір тізімдері белгіленді. Дәрігерлерден әрі қарай мұғалімдер, одан кейін учаскелік полицейлер, одан кейін мемлекеттік қызметкерлер, арнайы орган өкілдері барлығы тізіммен жоспарлы түрде өтеді.