Орал тұрғындары: Азық-түлік қымбаттап барады

Оралда арзан азық-түлік сататын он дүңгіршек ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айта кетерлігі, аймақта елдің өзге өңірлеріндегідей тамақ қымбаттаған. Сөйтіп, баға қаншалықты өсті және оны тұрақтандырудың қандай жолы бар?

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

- Бұл – қаладағы азық-түлік өнімдерін бөлшек және көтерме бағамен сататын ірі сауда нысандарының бірі. Бірден айту керек, халық күнделікті тұтынатын тауарлар бағасы бірнеше есеге қымбаттаған. Қапшықтарын көтеріп, арқаланып-дорбаланып шыққан тұрғындардың ортақ пікірі осындай.

Вячеслав Тарасенко, қала тұрғыны:

- Мен сізге былай айтайын: мысалы, былтыр сәуірде осы карантин басталар алдында тап осы төрт қапшыққа толтырып алған тауарымның құны 15 мың теңгеге шыққан еді. Ал, қазір ғана осы сауда үйінен дәл сондай тауарларды 25 мың теңгеге сатып алдым. Сонда өзіңіз есептей беріңіз. Азық-түлік қымбаттап барады. Бір нәрсе істеу керек қой.

Мәдина Қостанова, қала тұрғыны:

- Барлық азық-түлік тауарлары 10-15%-ке дейін қымбаттады. Жұмыртқа туралы айтпай-ақ қояйын, 450, тіпті кей жерлерде 500 теңгеге жетті бағасы. Бұрын 350-400 теңгеден алушы едік. Қымбаттап кетті бәрі.

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

- Ал, бұл – азық-түлік тауарларын арзандатылған бағамен сататын он дүңгіршектің бірі. Мұнда азық-түлік бағасы нарықтағыдан шамамен 10%-rt төмен. Сондықтан болар, тұтынушылардың дені егде жастағы адамдар. Сауда орындарын жалға алу құны қолжетімді. Жергілікті тауарөндірушілердің өнімі бұл сауда нүктелеріне ешбір делдалсыз тікелей жеткізіледі.

Нина Колесникова, қала тұрғыны:

- Бұл жердегі баға қолжетімді. Мысалы жұмыртқаның 10 данасы 300 теңге екен. Ал, базарда ол 440 теңге. Қанттың келісі 260 теңге, былайғы дүкендерде 278 теңге. Мына жерде макарон да арзан, небары 200 теңге. Енді азық-түлік түрлерін көбейтсе екен деген тілегіміз бар. Ал, былайғы дүкендерде бәрі қымбаттап кетті ғой. 

Артур Досқалиев, «Aqjaiyq» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

- Маңызды айтатын жәйт, мұнда әр адамның қолына тек шектеу бойынша белгілі бір көлемде сатылады. Мысалы тауық жұмыртқасы бір адамның қолына 10 дана ғана. Күніне шамамен бізде 200 келідей жоғары сұрыпты ұн, сондай шама бірінші сұрыпты ұн, 200-2500 тауық жұмыртқасы, оған қоса, күніне 300-400 келі қант жетеді.

Шағын маркеттер желісінде әзірге 8 тауар түрі арзандатылған бағамен ұсынылып отыр. Олар жұмыртқа, күріш, екі сұрыпты ұн, қант, күнбағыс майы мен қарақұмық және макарон өнімдері. Жыл соңына дейін осындай сауда дүңгіршектерінің санын 30-ға жеткізу жоспарланып отыр.

Бақдәулет Ибраимов, облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы:

- Бағаны тұрақтындырып, өсірмеу бойынша бүгінгі таңда екі бағыт бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Атап айтқанда, біріншісі – ол біздің шаруа қожалықтарына өңірімізде жұмыс жасайтын кәсіпорындардың жылдық қажеттілігін, оны шаруа қожалықтарына жеткізіп отырмыз бүгінгі таңда. Екінші бір бағыт – ол Ресей Федерациясының көршілес облыстары бар, сол облыстарда қажетті шикізат болған жағдайда меморандумға сәйкес сол көршілес облыстардан арзандатылған шикізатты алып келу бойынша жұмыстар жүргізілуде. 

Азық-түлік бағасын арзандату бағытындағы жұмыстар жалғасын табады. Қазіргі таңда өңірдің тұрақтандыру қорында 1100 тонна әлеуметтік маңызға ие азық-түлік тауарлары сақтаулы. «Бұлар азық-түлік бағалары қымбаттауының ең шекті деңгейіне жеткен кезде сауда нүктелеріне сатылымға шығарылады», - дейді сала мамандары.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов