Сарышағанда «Бук-М2Э» зенитті-зымыран кешені сынақтан өтті

«Сарышаған» әскери оқу-жаттығу алаңында ресейлік «Бук-М2Э» зенитті-зымыран кешені сынақтан өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әскери оқу-жаттығу бір аптаға созылды. Бұл қаруды қолдану арқылы құрлық пен әуедегі кез келген нысанды жоюға болады. Тегеурінді әскери техниканы Қазақстан Ресеймен жасалған екі жақты келісім арқылы сатып алды.

Еліміздің әскерилері бір апта бойы «Сарышаған» әскери атыс алаңында ресейлік «Бук-М2Э» кешенін сынақтан өткізді. Қыста Балқаш көлінің маңы ерекше суық келеді. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан техника сыр бермеген.        

Ерік Рақымжанов, зениттік-зымырандық дивизион командирі:

– Осы оқу-жаттығуда қабылдау, тексеру жаттығуларында біріншіден аэродинамикалық нысанның көзін жою және де баллистикалық нысаннан 24 шақырым ара қашықтықтығында көзін жою болды. Қойылған тапсырманың барлығы жеке құраммен орындалды.

«Бук-М2» – заманауи зенитті-зымыран кешені өз санатында ең жақсы техника саналады. Цифрлық жүйе енгізілген әскери жойғыш техника жер талғамайды. Құрлық пен әуеде қозғалған нысанды өзі көздеп, ата алады. Бір дивизионның әуедегі 24 нысанды қадағалайтын мүмкіндігі бар. Ал нысынаға дөп тигізу дәлдігі 80 проценттен 99 процентке дейін жетеді. 

Қайрат Садықов, ҚР ҚМ әуе қорғаныс күштерінің қолбасшысы, генерал-майор:

Бұл кешен – автоматтандырылған жүйе. Мұны офицерлер өздері қояды. Бағдарламаны қойса, өзі тауып ата береді. Бұл дамыған кешен. Бұл кешеннің болашағы бар. Осы жаттығуда көзім жетті, бұл кешен кішігірім пилотсыз ұшақтарды да ала береді. Бағдарлама бойынша біз жібердік. Өзін өте жақсы көрсетті.

«Сарышағанда» өткен әскери оқу-жаттығуда нысана ретінде «Адьютант» кешені пайдаланылды. Яғни бұл кешен ұшқышсыз ұшатын аппараттар мен қанатты зымырандардың көшірмесі іспетті. Алдағы уақытта еліміздің Қорғаныс министрлігі жеке құрамды оқытып, тәжірибелерін шыңдау үшін осынадай техниканы сатып алуды жоспарға енгізген көрінеді.  

Алмас Садуақас, Абен Нарымбаев

Сондай-ақ...