Бүгін – Халықаралық кітап сыйлау күні

Бүгін, ақпанның 14-і – халықаралық кітап сыйлау күні.

Атаулы датаны БҰҰ 2012 жылы бекіткен еді. Мақсат – кітап оқуды насихаттай отырып, балаларды әдебиетке баулу. Жалпы кітап оқу мәдениеті қазіргі қоғамда сақталған ба? Аға буын, орта буын және жас толқынның әдеби шығармаларды оқудағы айырмашылық бар ма?

Бақыт Топтаева, тілші:

- Шыны керек, халықаралық кітап сыйлау күні туралы көпшілік біле бермейді. Жалпы сыйлық жасауда кітапқа таңдау қаншалықты жиі түсетінін анықтағымыз келген еді. Жолай адамдардан кітапты кімге сыйлайтынын, мұндай сыйға өздері қалай қарайтынын білуге тырыстық.

- Өзіңнің қатарлас, кластасың делік, туған күні келе жатыр. Бес мың теңгенің бар қалтаңда, не сыйлар едің?

Блиц 1:

- Білмеймін, жай беруші едім ақшаны.

Блиц 2:

- Білмеймін, орамал әперуші едім.

Блиц 3:

- Гүл алушы едім, әйел кісі болса.

- Ер азамат болса ше?

-  Бір кітап алып беруші едім.

Блиц 3:

- Кітап сыйлар ма едіңіз.

- Кітап та алуға болады.

- Қандай кітап сыйлар едіңіз.

- Абай жолын сыйлаушы едім.

- Сізге сыйласа, қуанар ма едіңіз.

- Қуанушы едім, әрине.

- Кімге сыйлар едіңіз?

- Өзімнің інілеріме. Өзім мұғаліммін, оқушыларыма кітап оқыңдар деп айтатын едім.

Блиц 4:

- Сіз сондай сыйлыққа қуанар ма едіңіз?

- Міндетті түрде қуанатын едім, қазір кітап оқитын аз ғой.

- Соңғы рет қашан кітап оқыдыңыз?

- Алдыңгүні. Сағат 8-ден 17 минут кеткенде.

- Қандай кітап еді ол?

- Ойлан да байы деген

Сауалнамаға қатысқан адамдардың екеуі ғана көп ойланбастан сыйға кітап тартуға болатынын айтты. Оның екеуі де орта буын өкілдері. Ал жастар жағы мұндай сыйлық жасай бермейтін көрінеді. Осыған қарап-ақ әр буынның кітап оқу мәдениеті әртүрлі екенін аңғаруға болады.

Енді ресми зерттеуге көз жүгіртсек. Америка кітапханашыларына арналған Journal Library сауда баспасы екі мыңнан астам адам арасында сауалнама жүргізген. Оған үш буын өкілдері қатысты. Олар 2000 жылдан бері қарай туған жас буын немесе Z ұрпағы, 1984 пен 2000 жыл аралығында туған орта буын – Y ұрпағы, және 1965 пен 1980 жылдары туған аға буын, яғни X ұрпағы. Сауалнамаға сәйкес, үнемі жақсы шығармаларды іздеп, кітапты ең көп оқитын да аға буын өкілдері екен. Одан кейінгі орында Y ұрпағы, яғни миллениалдар тұр. Мектеп не университетте оқитын жас буынның әдеби кітап оқуға мұршасы жоқ сыңайлы. Сауалнамаға қатысқандардың 28%-і осылай деп жауап берген. Бос уақытын кітап оқуға аз арнайтындар да Z ұрпағынан. Орта және аға буын өкілдері қайткен күнде бұған жеке уақыт бөлуге тырысады.

Жастар кітап оқымайды деген пікірмен мектеп оқушысы Жантөре Тәжібаев мүлде келіспейді. Оның айтуынша, қазір жастар қалаған туындыны смартфонға жүктеп оқиды. 17 жастағы жеткіншектің өзі тақауда «Абай жолы» роман-эпопеясын оқып бітірген. Саналы түрде қолға алып оқыған тұңғыш кітабы да балалар әдебиетінен емес еді. Елбасының «Еуразия жүрегінде» атты шығармасы екен.

Бақыт Топтаева, тілші:

- Несімен қызықты болды ол? Мүмкін суреттері қызық болған шығар?

Жантөре Тәжібаев, 12-сынып оқушысы:

- Суреттері әрине, қызық болды. 2000-жылдардағы қара түстегі суреттер де бар, түрлі-түсті суреттері де бар. Алайда ең қызығы, неліктен біздің Елбасымыз жаңа астананы тәуелсіздікке қол жеткізген соң бірден ауыстыруды бастады деп ойладым. Осындай ауқымды сұрақ туындаған болатын.

Талапты жас болашақта саясаткер болуды қалайды. Әкесінің кеңесімен бұл кітапты оқығаны да сондықтан. Бүгінде Жантөренің таңдауы қазақ әдебиетінің классиктері мен шетел шығармаларына түседі. X ұрпағының өкілі, 51 жастағы Виталий Балакиревтің де жаны кітапқа құмар. 4-сыныпта оқып жүргенде, ауыл кітапханасынан шықпайтынын айтады. Бірақ қазіргі заман жазушыларын білмейтінін мойындайды. Дегенмен, шыны өнідірісінің жұмысшысы қолы қалт етсе, ескі кітабына үңіледі. Онысы – Антон Чеховтың әңгімелері.

Виталий Балакирев, зауыт жұмысшысы:

- Кітаптың бір тылсым құдыреті бар деп ойлаймын. Кітаптың нәрімен сусындай отырып, біліміңді тереңдетіп, таңғажайып әлемге енгендей боласың. Кітаптағы оқиғаны бастан кешкендей, автордың сипаттаған дүниесін кәдімгідей сезінесің. Байқауымша, аға буын өкілдеріне баспа түріндегі кітапты оқу жанға жақындау сияқты. Компьютерлік, виртуалды үлгілерін аса түсіне алмайтыны да сондықтан болар.

Ия, электронды нұсқасынан гөрі мұқабалы кітапты жөн көретіндер көп. Кітап дүкендерінің сауданы қыздыруы да осындай оқырмандардың арқасы. Олардың арасында жастар да, аға буын өкілдері де бар.

Бақыт Топтаева, тілші:

- Кітап – алтын қазына, білім бұлағы, жан азығы. Кітап қадірін түсінетіндер оны ерекше қастерлейді. Ия, заман талабына сай оның мазмұны мен форматы өзгеруі мүмкін. Бірақ адам өмірінде алар орны өзгермейді. Тек кітап оқуға деген ынта өшпесе болғаны.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Нұрғали Мамурбаев, Марат Диханбаев, Ерзат Зайытханов