Clubhouse: лайк па, әлде хайп па?

Үйден шықпай-ақ, әлеммен байланыс орнатып, пайдалы ақпар алмасуда дыбыстық технологияны қолдану.

Әңгіме Clubhouse атты жаңа әлеуметтік желі жөнінде, деп хабарлайды «Хабар 24».

Танымал жандар отырған виртуалды желіде тек дауыстап сөйлесетін стартаптың бүгінде танымалдылығы күн санап артып келеді. Уақытша хайп па? Әлде болашақта ақша өндіретін платформа ма?

Clubhouse желісінің негізін былтыр сәуірде Пол Дэвисон мен оған Роган Сэт қалады. Мақсаты - үйде отырып-ақ адамдармен байланыс орнатып, қызықты әңгіме өрбіту. Пандемия кезінде қосылған стартап көпшілік арасында бірден қолдау тапты. Өзгелерден ерекшелігі – адамдардың ортақ қызығушылығына қарай түрлі конференция, яғни виртуалды бөлме ашуға болады. Алайда оған кез келген жан кіре алмайды. 

Бақыт Топтаева, тілші:

– Қандай да бір тақырыпқа арналған виртуалды бөлмеге кіру үшін қосымшаға тіркелгендердің бірінен шақырту алу керек. Немесе өзіңіз қосымшаны жүктеп, таныс біреудің ортаға кіргізгенін күтесіз. Маған әлдекім шақырту жібере алар ма екен?   

Clubhouse-тағы бөлмені бейнелі түрде осылай сипаттауға тырыстық. Шын мәнінде де, желідегі әңгіме-дүкен бейресми форматта өтеді. Желі қолданушылары тіркелген жандардың қай бөлмеде отырғанын көре алады. Ізінше оған не тыңдаушы, не спикер ретінде қосылады. Батылдары модератор ретінде өз бөлмесін ашып, достарын әңгімеге тарта алады. 

Игорь Сайфуллин, жарнама бюросының директоры:

– Алдымен Илон Маск пен Марк Цукербергтің жаңа желіге қосылғаны туралы жаңалық тарады. Осылайша, бірден елдің назары жаңа желіге ауады. Бес мың адамдық бөлмеге адамдар сыймаған соң, қосымша виртуалды бөлмелер ашылды. Сөйтіп, Илон Маск пен Цукерберг отырған бөлмедегі дыбысты көрші бөлмедегілер тыңдап отырды.  

Күнделікті өмірде кездеспейтін жандармен тілдесу мүмкіндігіне жол ашқан – Clubhouse-ты бүгінде бірегей желіге балап, шақыртуды ақшаға сататын пысықайлар да табылды. Ресейлік IT-кеңесші Ник Макфлайдың айтуынша, желіні расымен табыс көзіне айналдыруға болады. 

Ник Макфлай, IT-кеңесші:

– АҚШ-та бір қыз клабхауста бір аптаның ішінде 100 мың доллар тапқанын білемін. Ресейге бұл желі енді ғана жетті. Ал Америкада қолданысқа шыққанына бір жылдың жүзі болды. Құнды ақпар жариялағысы келген кез келген адам жарнама жасап, виртуалды бөлмеге шақырады. Осылайша монетизация жасауға болады. Меніңше, желі әрі қарай тың дүниелерді енгізетін болады.

Clubhouse желісінің дыбыстық мүмкіндігін біз де сынап көрдік. Виртуалды бөлме құрып, танымал қазақстандық блогер әрі PR маманы Әлішер Елікбаевты сөзге тарттық.

Әлішер Елікбаев, PR маманы, блогер:

– Қазір бәрі әлеуметтік желі иелерінің ендігі қимылына байланысты болып тұр. Қазір адамдардың өзара тілдесуіне бөгет көп қой, сол себептен де адамдар тоқтаусыз бір-бірімен сөйлесуге асық. Бірақ біраздан кейін бұдан да жалығып кетуі мүмкін. Оларға жаңалық керек, сондықтан клабхаус басқа функцияларды қосуы шарт. Онлайн режимде сөйлесіп, подкаст жүргізгеннен басқа оның еш артықшылығы жоқ. Біз тіпті сілтемелерді жібергенде сәл қиналамыз.

Маманның айтуынша, желі хайптың арқасында ғана танымал болды. Аудиторияны ұстап қалу үшін қосымшаны әлі де жетілдіру керек. Ол үшін Андройд негізіндегі смартфондарға жүктелуін қамтыған абзал. Десе де, бета сынақтағы Clubhouse қолданушыларының саны бүгінде 2 миллионнан асқан.

Бақыт Топтаева, Жандос Сұлтанғазы

Сондай-ақ...