Армениядан әкелінген көліктер 1 наурызға дейін тіркеу нөмірін алуы тиіс

1 наурызда Армениядан әкелінген автомобильдерді тіркеу мерзімі аяқталады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда, темір тұлпар иелері әлі де қазақстандық нөмірді алмаған. Себебі, жүргізушілер тиісті талапты орындағанмен, заң әлі жетілдірілмеген деген пікір бар.

Армениядан келген көліктердің нөмірін жергіліктіге ауыстырудың екі жолы бар. Егер автокөлік зауыттан сол жақ рөлмен шықса, мамандандырылған ХҚКО-ға барып, 12 мың теңге төлейсіз. Сол кезде сізге қазақстандық сары нөмірді береді. Яғни ел аумағында емін-еркін жүре аласыз. Бірақ темір тұлпарды сатуға мүмікіндік жоқ. Егер рөлі оңнан солға ауысқан болса, онда жағдай қиын. Өйткені ондай автокөліктердің ақауы көп. Оны тіркеуге қоятын талап та қатаң.

Эдуард Эдоков, Тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы:

- Менің ойымша, оң жақ рөлді немесе рөлі теріс жаққа ауыстырылған көліктер өте қауіпті. Сондай-ақ армян көліктерінің иелері міндетті тіркеулері жоқ болғандықтан жолда ойына келгендерін істеуі мүмкін. Осы ретте заңды қатаңдату шарасы дұрыс деп санаймын.

Әрине, заң барлығына ортақ. Дегенмен, мұны құлаққа ілмей жүргендер де кездеседі. Бар болғаны Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығында заңдастырылуы тиіс. Яғни көлік техникалық регламенттің талаптарына сай болуы керек. Автокөлік иелері тұрақты тәртіпте тіркеп, кедендік баж бен утилизациялық соманы төлеуі қажет. Алайда, оң жақ рөлді көлігіңіз болса бұл талаптарды орындау қиынға түседі. Шетелдік көлік иелері бұл талаптарға қарсылық білідіріп отыр. Өйткені Армениядан арзан бағаға әкелген автокөлікті сатуға да мүмкіндік жоқ.

Сұлтан Досжан, қала тұрғыны:

- Бұл машинаны мен адал еңбегіммен заңды түрде Армения Республикасынан сатып алған көлік. Өйткені Қазақстанда осындай сападағы көлікті осы сомаға сатып ала алмаймын. автосалондарда барлығы кредитпен беріледі. Өйткені баға екі есе арзан. Кейін шығарған қаулысы заңсыз.

1 наурыздан кейін не болатыны беймәлім. Темір тұлпар иелеріне айыппұл салына ма жоқ па ол да әлі белгісіз. Бұл сауалмен Ішкі істер министрлігіне жүгіндік. Әзірге жауап жоқ.

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Марат Диханбаев