ШҚО-да ветеринария саласының жағдайы мүшкіл

Шығыс Қазақстан облысының ветеринария саласында 250 маман жетіспейді. Жұмысы ауыр, жалақысы аз қызметке жастар жағы тұрақтамайды. Оның үстіне ветеринарлық пункттердің материалдық-техникалық базасы да мәз емес. Ауыл, елді аралау үшін ауадай қажет қызметтік көліктердің де тозығы жетіп тұр.  Дәрігерлер тіпті жеке автокөліктерін пайдалануға мәжбүр.

- Тізесінен сары қиды кешіп жүреді те малдың қиын, алатындары 55-60 мың теңге.

Әміржан Шапатов ветеринария саласының ардагері. Осы салада 40 жылдан астам қызмет етіп, әлі де қол үзбей келеді. Ірі шаруа қожалығының мал дәрігері де, зоотехнигі де бір өзі. Мамандығын ерекше құрметтейтін зейнеткер «ветеринарияның бүгінгі ахуалы жаныма батады» деп ағынан жарылды.

Ардагер маманның айтуынша, бұрын 1-2 тонна көмір тегін үлесітіріліп, электр энергиясының ақысына жеңілдіктер жасалушы еді, ал қазір мүлдем ұмыт қалғандай.

Әміржан Шапатов, ветеринария саласының ардагері:

- Мен 40 жыл істегенде бір де бір рет естіген жоқпын, ветеринария саласы қызметкерлерінің жалақысы өседі не көбейеді дегенді. Ары қарай жалғаса берсе, жетіспеу болады, болды, бітті, сонымен баяғы ветеринарлар қазір өзі естіп жатырмыз, құс тұмауы дейді, бруцеллез дейді, оның бәрінде іс-шаралар атқаратын вет.дәрігерлер, ал олар жоқ болса не болады?

Мәселен, осы Күршім ауданында 200 мыңнан астам ірі қара мен ұсақ мал бар. Оны уақытылы егіп, профилактика жүргізу оңай емес. Оған қоса ауданда 38 маман жетіспейді. Сондықтан зейнетке шығып кеткендердің жұмыс істетіп жүрген жайы бар. Тіпті бұл тұрғыда «Серпін» бағдарламасының да септігі тимеген.

Қайрат Ибраев, «Күршім-вет» МКК директоры:

- «Серпін» бағдарламасымен оқып жүрген оңтүстіктің студенттерін әкелдік, 2019 жылы алты бала парктикадан өтті, былтыр төрт бала практикадан өтті, солардың бір де біреуі тұрақты тұрып қалған жоқ, ынта білдірген жоқ, жұмысты көрді қиындықты, айлық төмендігін көрді.

Қазір  науқан басталды. Ұлан ауданындағы Аблакетка ауылдық округідегі малдан бруцеллездің алдын алу үшін қан талдамасы алынып жатыр. Ақпанның ақ боранына қарамастан мамандар таң алакеуімнен қора қасында.

- Мына жерде міне 70 процент тампонмен, спиртпен жасалған, бізге разница жоқ, медицина мен ветеринарияның.

Хабдырасыл Азатбекұлы осы ауданынадғы жас ветеринар. Бұл салада еңбек етіп жүргеніне 8 жыл. Алайда айлығы шайлығына әрең жетіп жүрген ол, осы қызметтің ардагері атанарына сенімсіз.

Хабдырасыл Азатбекұлы, жас маман:

- Жас мамандар бізге келді, бірақ көбісі кетіп қалды. Өзім енді білмеймін әзірге істеп жатырмыз, бірақ болашағымыз белгісіз.

Мал дәрігерінің бармайтын жері жоқ. Тау*тасты аралап, шалғайдағы елі мекендерді сүзіп шығады. Алайда айдап жүрген темір тұлпарларының сау тамтығы қалмаған. Оны сатып алуды облыс қазынасы көтермейді.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Шығыс қазақстандағы ветеринария саласында мынадай 254 қызметтік көлік бар. Бірақ 2013 жылы берілген бұл техниканың қазір тозығы жетіп тұр. Яғни толықтай ауыстыруға жатады. Алайда бір мынадай «Нива» көлігін алу үшін 6 миллион теңгеден астам қаражат керек.

Ал облыстық ветеринария басшылығы саланың жанданып, жақсаруына үміт бар деп отыр. Осыған дейін мал дәрігерлері маусымдық яғни 7-8 ай жұмыс істеп, 4-5 ай демалып келген. Олардың жалақыға жарымауына сол себеп болған дейді биліктегілер.

Ертай Батхолдин, ШҚО ветеринарлық басқарма басшысының орынбасары:

- 2020 жылдан бастап бұл жағдай түзетіліп, облыстық бюджеттен 1 миллард 708 миллион теңге ақша, ветеринарлар жыл он екі ай жұмыс істейтін болып есептелді. Және еңбекақыны біз 40 процентке көбейтті. Ал 2021 жылға биылға 2 миллиард 427 миллион қаржы бөлініп отыр, сол себептен биыл да жұмыс толығымен жасалады деп отырмыз.

Әзірге ауыл-аудандағылар қолда бар мамандарын әрең ұстап отыр. Мал дәрігері қашан да өмірін тәуекелге тігеді. Өйткені бруцеллез, құтыру, Сібір жарасы, қарасан сынды адамға жұқпалы кеселдің ошағында жүреді.

Авторлар: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов