Қостанайлықтар Алғыс айту күнінің логотипі мен әнұранын ойлап тапты

Туындылардың авторы – мектеп оқушылары мен мұғалімдер, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бір айға созылған байқауда 100-ден астам еңбек сарапқа салынған. Қазылар алқасы жеңімпаздар есімін жариялап, оларды салтанатты түрде марапаттады. Үздік туындылар келешекте жергілікті ассамблеяның символына айналуы мүмкін.

Гүлнәз Бекееваның сыныптастарымен бірге жасаған туындысы байқауда үшінші орын иемденді. Оқушылар Алғыс айту күнінің логотипін күннің кейпінде бейнелепті. 

Гүлнәз Бекеева, Әулиекөл ауданы С.Баймағамбетов атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы:

- Күн – жылулықтың, қуаныштың нышаны. Одан шашырап тұрған әр сәуледе 12 тілде «Рақмет» деген жазу бар. Себебі қиын кезеңде бірқатар ұлыс өкілі Қазақстанға көшіп келді. Оларды ата-бабаларымыз көпэтносты мұра етті. Бүгінде бәрі бір шаңырақ астында ғұмыр кешіп жатыр.

Байқауда үздік атанған логотип осы. Оның авторы – Қарабалық ауылының 7 сынып оқушысы. Туынды 92 өтініштің арасында дараланды. Ал «Үздік әуен» арнаудан бәйгеге түскендер саны төрт есе аз болды. Сол себепті бұл номинацияда жеңімпазды таңдау қиынға соқты.

Светлана Обухова, қазылар алқасының мүшесі:

- Сөздің жазылуына, музыкалық шеберлікке біраз талаптар қойдық. Өйткені әнді орындаудың өзіндік ерекшеліктері бар.

Музыкалық сайыста Рудныйдан келген ұжым қазылар алқасының көңілінен шықты. Оқушылар мен мұғалімдерден құралған шығармашылық топ Алғыс айту күнінің әнұранын құрастырды.

Елена Аринович, Алғыс айту күнінің әнұран авторы:

- Әннің сөзін біздің математика мұғалімі жазды. Ал әуенін қосымша білім беру педагогтары шығарды. Әнді 10 сынып оқушылары орындайды деп шештік.

Енді үздік шыққан туындылар жетілдіріліп, облыстық мәслихат арқылы республикалық комиссияның қарауына жіберілмек. Еңбектер келешекте еліміздегі Алғыс айту күнінің символына айналуы мүмкін.

Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров