Нарынқолда асыл тұқымды мал басы артып келеді

Алматы облысының Райымбек ауданы малды асылдандыруға мықтап кріскен.

Нарынқол өңірінде қазір 90 шаруашылық тұқымдық түрлендірумен айналысады. Соның арқасында аудандағы Зеңгі баба төлінің бестен бір бөлігінің тұқымы асылдандырылған.

Ардақ Айбарұлы, тілші:

- Нарынқол өңіріндегі бұл шаруашылық 2018 жылы Ресейдің Алтай өңірінен 235 бас герефорд тұқымды сиыр алып келді. Қазір мұндағы мал басы шамамен 600-ге жетіп қалды. Қожалық басшылары бұл жерден 500 басқа арналған мал бордақылау алаңын салды. Ол жаз айларында іске қосылады.

Асыл тұқымды ірі қара «Сыбаға» бағдарламасымен алынған. Мақсат – етті бағыттағы мал шаруашылығын дамыту. Бастапқыда сииырларды тірі салмағымен сатса, енді еттей өткізуге бетбұрыс жасап отыр.

Нарын Нұрбақ, шаруа қожалығының басшысы:

- Бордақылау алаңын осы жылы іске қосамыз деп жоспарлап отырмыз. Оны іске қоссақ, толығымен өзіміздің алып жатқан төліміздің бәрін бір жыл айналдырып, екінші жылы бордақыға қойып, ет жүзінде Алматы, Алматының төңірегіндегі базарларға, нарыққа шығу жоспарымыз.

Сүлеймен Бақытжан, сиыршы:

- Жақсы төлдеп жатыр. Ақпанның аяғына дейін 100-ге жуықтап қалды. Жем-шөп, бәрі жеткілікті. Жалақымыз 150 мыңнан төлеп жатыр. Осы жерде 6 жұмысшы бармыз.

«Сыбаға» бағдарламасы бойынша шетелден асыл тұқымды сиыр алған шаруашылықтар екі жыл сайын бұқа ауыстыруға міндеттеледі. Бір апта бұрын мұнда Қарағанды облысынан қазақтың ақ басының 10 бас бұқашығы әкелінді. Бруцеллезға сынама алынған мал қазір карантинде тұр. Ал аудан бойынша 160 бас асыл тұқымды бұқа сатып алынған.

Нұрлан Оралқұлов, Райымбек аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Әр бұқаға мемлекет тұқымдық түрлендіру бағдарламасы бойынша 150 мың теңге субсидия береді. 2 жыл пайдаланамыз, 2 жылдан соң етке өткізіледі. Алып келген әр бас бұқаға үкімет 150 мың теңге ақшасын қайтарып береді шаруа қожалықтарға. Әр бұқаға 25 бас аналық бас бекітілген. Әр бас аналыққа 10 мың теңгеден үкіметтен ақшалай көмек беріледі.

Хан Тәңірінің баурайындағы бұл шаруашылық болашақта ет-сүт өнімдерін өңдейтін кәсіпорын салуды жоспарлап отыр. Қарасаз ауылында жаз айларында 200 басқа арналған сүт фермасы іске қосылса, Сарыжазда күніне 2,5 тонна ет өңдейтін кәсіпорын салына бастайды. Райымбек ауданындағы ірі қара саны бүгінде 55 мыңға жетті. Соның бестен бір бөлігі асыл тұқымды зеңгі баба төлі.

Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев