Алматыда 8 наурыз мерекесіне орай қырық әйел ағаш екті

Алматыда халықаралық әйелдер күніне орай 40 әйел ағаш екті. Мәслихат депутаттары, кәсіпкер келіншектер, қоғам белсенділері, дәрігер және мұғалімдер Жетісу ауданының аумағына 200-ден аса сирень мен талшын шыбығын екті.

Арнайы дайындалған аллеядағы ағаш егу жұмыстарына коммуналдық қызмет пен еріктілер де атсалысты. Еліміздегі жалғыз әйелдер аллеясының жалпы көлемі 12 гектар. Бұл жоба алты жыл бұрын қолға алынған. Аумақтағы жасыл желек саны жыл сайын артып келеді. 

Гүлнар Көкебаева, Жетісу ауданының әкімі:

- Біз осы бастаманы жалғастыру нәтижесінде үлкен саябақты жасаймыз. Жасыл желектер саны жыл сайын арта түспек. Қазір мұнда мыңнан астам ағаш бар. Алдағы уақытта олардың саны тағы да артады. Сонымен қатар бұл саябақтың аумағын көріктендіреміз. Яғни жүргінші жолдары, орындықтар және көше шамдарымен жабдықталады.