Ақмолада құтқарушы болуға бет бұрған қыз-келіншек қатары көбейіп келеді

Ақмола облысында соңғы жылдары құтқарушы болуға құмартқан қыз-келіншектердің қатары көбейіп келеді. Мәселен, қазір аймақтың төтенше жағдайлар саласында 40-тан астам қыз диспетчер және 6 қыз кәдімгі өрт сөндіруші боп қызмет етеді. 

Бурабай ауданына қарасты Зеленый Бор елді мекеніндегі өрт сөндіру бөлімінде бір емес, үш қыз құтқарушы боп қызмет атқарады. Олар үшін мұндай зәрені алатын дабылды есту, үйреншікті жағдайға айналған. Қаршадай ғана қыздардың ерік-жігеріне таңғалмасқа амал жоқ. Мәселен, 21 жастағы Анар Есқанова кәсіби спортшы. Ол волейболдан аудандық құраманың сапында өнер көрсетеді. Ал төтенше жағдайлар саласына Анар ағасының ізімен келіпті. 

Анар Есқанова, өрт сөндіруші-құтқарушы:

- Біз үшін ең қиын өрт былтыр Мезгілсорда болған өрт болды. 42 гектар алқапты жалын шарпыған еді. Айнала көк түтіннен түк көрінбейді. Әбден қиналдық. Бірақ барлығымыз жабылып, тілсіз жауды 4 сағатта ауыздықтадық.

Дана Майранбаева, өрт сөндіруші-құтқарушы:

- Мен негізінен бала кезімнен форма киюді, мысалы, бұл салада жұмыс атқаратын адамдарға тамсанып солай өскен болатынмын. Сондықтан бұл сала маған өте жақын. Өйткені мен бала кезімнен армандадым.

Қыздар жұмыстың қиын екенін өздері де мойындайды. Алайда бұл істі сүйіп атқаратын арулар, анау-мынауға мойымаймыз дейді. Оның үстіне бөлімшедегі ерлер де оларды қамқорлықтарынан еш тыс қалдырған емес. 

Павел Пак, өрт сөндіру бөлімінің басшысы:

- Мен қызмет еткен 20 жылдан астам уақыттың ішінде өрт сөндіруші қыздарды бірінші рет көріп тұрмын. Ерлерге ғана тән жұмыс болғандықтан, бұл салаға қыздар келмейді деп ойлайтынбыз. Алайда біздің қыздар жігіттерден қалмай қазір белсенді қызмет етіп жүр. Өрт сөндіруге жиі шыққылары келеді. Бірақ біз оларды аса қатты қинамауға тырысамыз. 

Бөлімшеде өрт сөндіруші қыздардан бөлек тағы 4 қыз жұмыс істейді. Олардың біреуі медбике, қалғандары диспетчерлер. Айта кетейін, жалпы Ақмола облысының төтенше жағдайлар саласында бас-аяғы 80-нен астам нәзік жанды ару бар. Олардың қатары алдағы жылдары тағы көбеюі мүмкін. Себебі Көкшетаудағы азаматтық қорғаныс колледжіндегі студенттердің 20 проценті қыздар. 

Авторлар: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко