Қарағанды облысында еңбегімен елге танылған шопан әже тұрады

Қарағанды облысында небәрі 17 жасында әр қойдан егізден төл өргізіп, рекорд жасаған әйел шопан тұрады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол 60-жылдары екпінді еңбек етіп, Қарағанды өңірінің алғашқы шопан қыздарының бірі атанды. Бүгінде ел анасы болған шопан әже ата кәсіпті әлі күнге жалғап келеді. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында бейнеті көп мамандық иесімен өңірдегі арна тілшісі жүздескен еді.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

- «Қой қоздап, түйе боздап, қорада шу» боп жатқан қауырт кезең қазір. Елдің малы көктемнен көтерем шығып жатқаны да бар. Хамара апа жетпісті желіп өтіп бара жатса да, малға келгенде білек сыбанып кірісіп кетеді. Ал, үйде іс машинасын ермек етеді.

Хамара Омарова, алтын алқа иегері:

- 11-сынып бітіріп барған қыз баламын, сонда енді анау малды айдағанда қараңғы түсіп кетеді. Ерте айдауды білмегем ғой. Біртіндеп базға жетеді, қалып қойғандарын аттың үстінде тұрып-ақ алдыма өңгеріп аламын. Күшім де көп болған-ау деп ойлаймын. Қараңғы түскенде келемін. Таңертең кетемін, қолымда кітабым болады.

Хамара апаның еңбек жолы ауылдастары үшін де зор мақтаныш. Жерлестері кейуанадан әлі күнге ақыл-кеңес сұрап тұрады. «Малдың қоңын жазбай танитын қабілеті әлі сақталған», - дейді ауылдастары.

Сақыш Мейрамова, Жаңаарқа ауданының тұрғыны:

- Сондай тәрбиелі, екеуміз бір-бірімізді қатты сыйласып өстік. Алдымыздан кесе көлденең өтіп көрген жоқпыз. Ағайын тату болса, ат көп дейді. Соның нәтижесін шығарып отырдық біз өзіміз.

Хамара Жаппасқызы жарымен бірге 4 ұл мен 3 қыздан өрбіген немере-жиендерінің қызығын көріп отыр. Қолы қалт етсе, соларға ұлттық нақыштағы текемет пен көрпе-жастық тігіп береді. Дойбы ойнаған тозып, қой баққанның озатындығын, яғни еңбектің наны тәтті екенін немерелерінің құлағына күніге құйып келеді.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков