ШҚО-да қар көшкіні қаупі күшейе түсті

Шығыс Қазақстанда қыс басталғалы тау беткейінен 542 мың текше метрге жуық қар түсірілді.

Соның 514 800 текше метрі – наурыз айында жауған қар. Бұл осы айда қар көшкіні қаупінің аса жоғары екенін көрсетеді. Оның үстіне соңғы күндері қар аралас жаңбыр жауып, жағдайды ушықтырып тұр. Сондықтан құтқарушылар алдын ала қимылдап, соңғы он күн ішінде 34 рет жару жұмыстарын жүргізген. Қатер әлі сейілген жоқ. Құтқарушылар қар көшкіні оқыс әрі қауіпті жағдай екенін еске салады. Өйткені қар сағатына 60-70, кейде 120 шақырым жылдамдықпен сырғуы мүмкін.

Айта кетсек, осыдан 1 ай бұрын Риддерде турист көшкіннің астында қалып, көз жұмған еді. Сол себепті төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды, әсіресе таулы аймақта аса сақ болуға шақырады.

Омар Дүзгенбаев, «Қазселденқорғау» ММ облыстық филиалының басшысы:

– Өскемен-Серебряск-Рахман қайнары бойынша жару жұмыстарын өткізіп жатырмыз. Бүгін он жару жұмысын өткіздік. Қар қалыңдығы 40 см-ден 90 см-ге дейін, қауіпті учаске болғаннан кейін жару жұмыстарын өткіздік.