Алматы облысында егістік науқаны басталды

Алматы облысында егістік науқаны басталды. Жетісулық диқандар биыл бір млн гектарға жуық жерді игермек. Алғаш болып көктемгі дала жұмыстарына Кербұлақ ауданының диқандары кірісті. 

Күреңбелдік шаруалар егістік науқанын жылдағыдан бұрын бастады. Өйткені күнгейде қар көбесі сөгіліп, көктем ерте шыққан.

«Соған сәйкес топырақтың ылғалы кеппей тұрып іске кірістік», - дейді бас агроном Талғат Смағұлов. 

Талғат Смағұлов, агроном:

- Ылғалды пайдаланып ерте егу керек. Ерте еккеннің пайдасы өнім ерте шығады да көктемгі жауынға ілеседі де жаңбырмен бой алады да, көлеңке түседі. Күннің ыстығында бір-біріне көлеңке болып тұрады. Түнде шық болады. Ал егер жай ексең бойы аласа болады да көлеңке түспейді. Түнде түскен шық кеуіп кетеді де содан су жоқ құрғақ. Өнім болмайды. 

Алқапқа алғаш болып соқа салған Алдан Бекиев биыл 8 мың гектарға дәнді дақыл сеппек. Қарқынды басталған дала жұмыстарына 70 жұмысшы мен 30 дан астам техника жұмылдырып отыр. Элиталық шаруашылық құруды мақсат еткен серіктестік басшысы биыл бірінші рет шетелден арпа тұқымын алдыртты.   

Алдан Бекиев, шаруашылық жетекшісі:

- Былтырғы жылы қуаңшылыққа байланысты тұқымдарымыздың сапасы төмен болғандықтан биылғы жылы сондай шешім қабылдап, Ресейге барып, 400 тонна элиталық тұқым әкелдік. Оның ішінде Приозерск, Шедр, Вакула деген. Біздің ауа райына, ыстыққа төзімді. Өнімділігі жоғары сапалы. Орташа есеппен 50-60 центнерден өнім алу жоспарда бар.

Кербұлақ ауданы - облыстағы ең үлкен ауыл шаруашылықты аймақ. Мұнда егіншілікпен айналысатын мың жарым шаруашылық бар. Диқандар өңірде өндірілетін дәнді дақылдың 32 процентін өсіріп отыр.

Жалғас Қатжанов, Кербұлақ аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Биыл 97428 гектарға дәнді дақыл себу жоспарланды. Оның 26085 гектарына күздік бидай себіліп қойды. Қалған 71340  га жаздық дәнді дақыл себу жоспарланды. Өкімет тарапынан арзандатылған жанар-жағармай ауданымызға бөлінді. Бұйыртса, 15 наурыздан бастап ауылшаруашылық өнім өндірушілеріне таратылады.

Алматы облысында егістік науқаны екі айға созылады. Жетісулық диқандар биыл 300 мың гектарға дәнді дақыл сеуіп, ел ырысын арттыруды  жоспарлап отыр. 

Авторлар: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов