Соңғы тәулікте Қостанайда 40 көлік қар құрсауынан шығарылды

Соңғы тәулікте Қостанайда құтқарушылар қырық шақты көлікті қар құрсауынан шығарды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кеше боран мен екпінді жел салдарынан республикалық және жергілікті маңызы бар 28 жол учаскесі жабылған. Ең ірі құтқару операциясы Арқалық – Державин тас жолында тіркелді. Сол маңайда 24 көлік омбы қарға қамалып, К-700 тракторының көмегімен Арқалық қаласына бет алды. Жүргізушілер мен жолаушылар арасында зардап шеккен бір адам бар. Құтқарушылар ер адамды Жітіқара аудандық ауруханасына жеткізді. Оған тиісті ем-дом шаралары дер кезінде көрсетілді.

Сапаш Серкебаев, ТЖД бөлім басшысының міндетін атқарушы:

- Дәл қазір облыс аумағында республикалық 7 және облыстық маңызы бар 18 жол учаскесі жабық тұр. Полицейлермен бірлескен 21 бекет құрылды. Сонымен қатар 16 уақытша жылыту орны жұмыс істеп тұр. Олар жабық жолдардың маңына қойылған.