Сұптай ауылының оқушылары 23 жылдан бері балабақшада оқып келеді

Сұптай ауылының оқушылары 23 жылдан бері сабақты мектепте емес, балабақшада оқып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның өзі қазіргі талапқа сай емес. Балалар дене шынықтыру пәнін далада немесе сыныпта өткізеді. Акт залы деген атымен жоқ. Бұндай жағдайдың қалыптасуына бұрынғы мектептің апатты деп танылуы себеп болған.

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Қаңырап тұрған бұл ғимарат бір кездері мектеп болған. 1971 жылы салынған нысан 90-жылдардың соңында жарамсыз күйге түсіпті.

Әр сыныбы мынандай пешпен жылытылған бұл білім ордасының жылыту жүйесі 1998 жылы толықтай бұзылған екен. Соған сәйкес мұндағы оқушыларды балабақшаға көшіру туралы шешім қабылданған. Алайда мектеп ретінде бейімделген бұл мекеменің де қазіргі жағдайы мәз емес. Қажетті құрал жабдықтардың барлығы дерлік ескірген. Шкафтардың да міне, сиқы осындай. Терезелерінен жел гулеген соң мектеп ұжымы тесіктерді мақта матамен бекітіп қойған.

37 жылдық тарихында балабақшаға бірде-бір рет күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмепті. Ғимараттың ескіргені сонша, іргетасы сыр бере бастады. Соның салдарынан дәліздегі қабырғаның бірі екі сантиметрге дейін төмен түсіп, жоғарғы жағында жарық пайда болған.

Арыстан Сағымбеков, мектеп директорының орынбасары:

- Электр желілерінің зақымданғаны белгілі. Ғимарат түгелдей күрделі жөндеуді қажет етеді. Едендері ескірген. Шатырынан су өтеді. Шатырында өзгертуге сұраныс бергенбіз. Су да өтеді. Жауын жауып болғаннан кейін қалпына келтіріп қоямыз.

120 орындық балабақша ғимаратында қазір 200-ге жуық бала білім алады. Нысан талапқа сай болмағандықтан, Ақниет Төлеген сияқты оқушылар көп мүмкіндіктен қағылып отыр.

Ақниет Төлеген, оқушы:

- Бұны мектеп деп айтуға келмейтін шығар. Балабақша ғой, әрине. Ешқандай спорт залы, акт залы дегенді көрген жоқпыз. Әрине, бізге жағдай жасалғанын қалаймыз.

Айгүл Әбішова, мұғалім:

- Қазақ айтады атқа шауып мінбеген бала қалай арқалансын деп. Доп көрмеген бала, дене шынықтыру пәнін өтпеген бала ой еңбегі мен дене еңбегі бір-бірімен алмаспаған бала ол балада қандай денсаулық, қандай шығармашылық жұмыс болады? Енді Zoom сияқты басқа платформаларға кіре алмаймыз. Тек қана Whatsapp арқылы беріп отырмыз. Оның өзінде ашылмайды. Уақытты көп алады. Таңертеңгісін жіберіп отыруға тырысып отырдық. Балалар түнгі бірге дейін қабылдап, бағасын шығарып отырдық.

Елді мекенде бес жасқа дейінгі 70 шақты бүлдіршін бар. Бала санының артуына байланысты ауылда мектепке дейінгі мекемеге деген қажеттілік туындап отыр.

Тілебалды Шынтаев, Сұптай ауылының тұрғыны:

- Қазір балаларын Нәдек дейді, 4 шақырым жерде мұғалімдар басқа да, ауылдың тұрғындары балаларын таксимен сол жерге апарып оқытып жатыр. Бізге жаңа мектеп салып берсе, бұл балабақша болса, халықтың тұрмыс дәрежесі жақсы болатын еді деп отырмыз.

Панфилов ауданындағы жеті мектептің оқушылары бейімделген ғимаратта оқып жатыр. Оның төртеуі апатты деп танылған. Сұптай ауылындағы білім ордасы да солардың қатарында.

Қуаныш Тоқтасынов, аудандық білім бөлімі басшысының м. а.:

- Енді осы мәселе бойынша біз облыстық білім басқармасына ұсыныс дайындап отырмыз. Мектеп салу туралы. Сол ұсыныс облыстық мәслихатта қолдау тапса, биылғы жылы жобалау-сметалық құжаттарын дайындап, осы ауылға мектеп салу жоспарда бар.

Ширек ғасырға жуық уақытта бейімделген білім ордасынан 300-ден астам түлек түлеп ұшқан. Өзекті мәселе бірер жылда шешілмесе, қазіргі оқушылар да алдыңғы буын аға әпкелерінің ізімен акт және спорт залды көрмеген күйі мектепті тәмәмдауы мүмкін.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов