БАӘ туризмі: маска тағып жүру міндетті шарт

Былтыр 30 мыңға жуық Қазақстан азаматы Біріккен Араб әмірліктерінде демалды. Саяхатшылар әдетте Дубай, Абу-Даби, Шарджа, Рас-Эль-Хайма әмірліктерін таңдайды екен. Пандемияға қарамастан бұл елге ағылатындар саны азайған жоқ. Бірақ карантин талаптарын сақтау қажет. Жергілікті тұрғындар мен қонақтарға маскасыз жүруге тыйым салынады.

Рас-Эль-Хайма ең көрікті әмірліктердің бірі. Мұнда келген қазақстандық туристер өзін бөтен санамасы анық. Себебі табиғаты біздің елге ұқсайды. Араб елдеріне тұңғыш рет саяхаттап келген Ерік Хамидуллаев осындай пікірде. Белгілі актерді жергілікті таулар тамсандырған.

Ерік Хамидуллаев, актёр:

- Экстримді жақсы көремін, адреналинді осындай тау бізде  Қазақстанда бар. Каньон. Шарын шатқалы. Көп киноға түскенбіз. Жаңа кинолар түсірілетін шығар. Рақмет.

Келесі бағытымыз Аджман әмірлігі. Көлемі жағынан ең кішкентай әмірлікте мұнай шығарылмайды. Ірі өндіріс ошақтары да жоқ. Тек туризмді дамытуға ден қойылған. Жергілікті жағажайлар шалғайдан келген меймандар үшін аса тартымды. 

Сания Ақай, қазақстандық турист:

- Әдейі таңдадық балалар үшін. Самолетке отырғанша жылы киіммен отырдық. Сол кішкене ыңғайсыз болды. Осында келіп, кішкентай баламыз киімсіз жүр, рақат.

Отандастарымыз Дубайда да жүр. Мұндағы биік-биік ғимараттар алыстан мен мұндалайды. Көз тартады. Өскемендік Есімбек ағаны танымал 7 жұлдызды Бурш аль Араб қонақ үйі қызықтырған. 

Есімбек Мұқанов, қазақстандық турист:

- Бәрі жақсы бүгін міне экскурсияға шықтық. Өзіміз РАК отельде жатырмыз. Бәрі жақсы.

БАӘ-дегі ЖІӨ 12 процентін туризм саласы құрайды. Индустрияның дамуына қазақстандық меймандардың үлесі тиіп жатқаны анық. Сондықтан да болар соңғы үш жылда біздің елдің азаматтарына бір ай визасыз жүруге рұқсат берілген.

Авторлар: Мерей Мұратханқызы, Бақытжан Досымбеков