ШҚО-да қар құрсауында қалған 17 адам құтқарылды

Шығыс Қазақстан облысында қар құрсауында қалған 17 адам құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңір жолдарында апаттық-құтқару жұмыстары түні бойы жүргізілді. Тәулік ішінде құтқарушылар 8 көлікті жолға сүйреп шығарған.

«Күршім ауданындағы Мальковое ауылының маңында қар құрсауында қалған балықшылар құтқарушыларға хабарласқан. Оқиға орнына жол талғамайтын көлікпен келіп жеткен ТЖД қызметкерлері 17 адамды эвакуациялады», деп хабарлады ведомство өкілдері.

Жол-көлік оқиғасына түскендерге да көмек көрсетілді. Өскемен қаласынан шыға берістегі Ахмер кентінде Ваз 21114 пен Лада Калина көліктері соқтығысқан. Сол жерге жеткен құтқарушылар Ваз-21114 көлігінен ер адамды алып шығып, жедел жәрдем дәрігерлеріне тапсырды.

«Азаматтарға дауылды ескерту туралы хабарлама алғанда елді мекеннен алыс сапарға шықпау қажеттігін ескертеміз. Жолдардың жай-күйі туралы «Дәрмен« мобильді қосымшасы арқылы біліп отыруға болады», - делінген ақпаратта.