Алматы облысында атауы жоқ көрікті қалашық бар

Алматы облысының Панфилов ауданында үш мыңнан аса халық тұратын елді мекен бар.

Шағын шаһар «Нұркент» деп аталғанымен күні бүгінге дейін оның ресми атауы жоқ. Құжатта «Пенжім ауылы шығыс тұрғын үй алабы» ретінде көрсетілген.

Тұрдалы Өмірбаев ­­­- Нұркенттегі мектепте жеті жыл жұмыс істеп зейнтеке шыққан мұғалім. Тарихшы көрікті  қалашықты Тәуелсіздік жемісі деп біледі. Сондықтан 30 жылдық мерейлі мерекеге орай көшелерге қоғам қайраткерлері мен алаш арыстарының есімі берілсе дейді. 

Тұрдалы Өмірбаев, зейнеткер:

- Бір көшеге Әлихан Бөкейханов, бір көшеге Ахмет Байтұрсынов, бір көшеге Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың аты берілсе тамаша болатын еді. Бұл - біздің теміржолшылардың мектебі. Мұхаметжан Тынышбаев атындағы мектеп болсын деген ұсыныс 2012 жылы айтылған, әлі шешілмей жатыр. Нұркент ауылға станцияға Алтынкөл аты берілді. Бірақ ресми бекітілген жоқ.

2012 жылдан бастап халық қоныстана бастаған қалашықта 13 көше бар. Оларға атау беріп, елді мекен мәртебесін анықтау жұмыстары осымен екінші рет қолға алынбақ.   

Шухрат Құрбанов, Панфилов ауданы әкімінің орынбасары:

- Мәртебесі анықталмаған себебі, біз атауын берейік деп құжаттарын дайындағанда адам саны жетпеген. Ол кезде құжаттарын жасағанда Нұркентте мыңға жақын адам тұратын. Үш мыңнан асуы керек еді. Бүгінгі күнде үш мыңнан астық. Қазір сол құжаттарын қайта жасап, мораторий біткеннен кейін Нұркентке қалашық атауын беруге жұмыс жасап жатырмыз.

Елді мекен бастапқыда теміржолшылар мен шекарашыларға арнап салынған. Тұрғын үй, балабақша, дәрігерлік амбулатория, мектеп, стадионның бой көтеруімен өзге де сала мамандары көшіп келді. Сегіз жылда мұндағы халық саны сегіз есе өскені байқалады.

Ерлан Оспанбаев, Пенжім ауылдық округінің әкімі:

- Бүгінгі күнде 3300-ден астам халық тұрады. Тұрғындардың негізгі қосымша айналысатын жұмыстары Құрғақ порт, логистика бар дамып келе жатқан, «Нұрлы жол» кедендік жұмыстары, еркін экономикалық аймақ осы саладағы негізгі мамандар, сосын шекара қызметіндегі мамандар Нұркентке қоныстанған.

Біркелкі архитектуралық келбеті қалыптасқан қалашық аумағы 500 гектардан асады. Қазір соның бір бөлігіне инфроқұрылымдық жүйелер тартылып, 120 пәтерлі екі үй салынып жатыр. Бас жоспарға сәйкес 2035 жылға дейін елді мекенді 50 мың адам тұратын шаһарлардың қатарына қосу көзделіп отыр.

Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов